Өсімдік майы, қант, жұмыртқа: Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттаған
Биылғы жылғы қаңтарда жылдық инфляция 7,4%-ке дейін баяулады. Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен үлес қосуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы үкімет отырысы барысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
"Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі жекелеген тауар нарықтарында теңгерімсіздіктің сақталуы аясында 2020 жылғы желтоқсандағы 11,3%-тен биылғы жылғы қаңтарда 11,4%-ке дейін жылдамдады. Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын және сервистік компонентінің серпіні әлсіз тұтынушылық сұраныс аясында салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,5%-тен 5,3%-ке дейін, ақылы қызметтер инфляциясы 4,2%-тен 4,1%-ке дейін баяулады. Азық-түлік инфляциясының 2020 жылғы қарашадан бастап жылдамдауына байланысты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға бағасы барынша сезімтал тамақ өнімдеріне әсіресе өсімдік майы, қант, жұмыртқа бағасының өсуіне ерекше көңіл бөлу қажет", - дейді Достаев.
Оған қоса, Ұлттық банк төрағасы өңірлердегі инфляция мәселесіне тоқталды. Өңірлер бойынша инфляция елеулі сәйкессіздіктерді көрсетуді.
"Мәселен, Маңғыстау облысында ол республикалық деңгейден 1,3 проценттік тармаққа, Қарағанды облысында және Нұр-Сұлтан қаласында 0,4 проценттік тармаққа асып түсті. Жалпы республика бойынша 11,4% деңгейінде болғанда 12%-тен жоғары азық-түлік инфляциясы Қарағанды облысында, Атырау облысында , Павлодар облысында тіркелді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция бойынша елде 5,3% болғанда Маңғыстау облысы 6,9%-пен алдыңғы қатарға шықты. Жалпы республика бойынша инфляция 4,1% болған кезде 5%-тен жоғары ақылы қызметтер инфляциясы Маңғыстау облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақтөбе облысында тіркелді", - дейді Досаев.