"Өртенген бес баланың жаназасына бармаған": Сәкен Майғазиевтің ұлының тойына барып, бата берген бас мүфти сынға қалды

Әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының тойына барып, бата берген ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлы сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушылары Қазақстандағы қайғылы оқиғаларда бой көрсете бермейтін бас мүфтидің тойға баруын ерсі деп санайды.
“БҚО-да бес бала өртеніп өлгенде жаназаларына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда құран бағыштамаған, Астанада автобус апатынан шынашақтай қыз екі аяғынан айырылғанда жүрегі сыздамаған бас мүфти бүгін Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүр. Той дегенде қу бас домалайды деген рас-ау”, – деп жазды журналист Диас Нұрақын.
Пікірлер арасында бас мүфтиді “барлығын бизнеске айналдырып жіберді” деп айыптағандар да, “тойға баруында ешқандай ерсілік жоқ" деп ақтағандар да бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы бас мүфтиге қатысты сынға жауап берді. Оның сөзінше, діни басқарма мен бас мүфти елде болып жатқан, қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардан еш уақытта тыс қалмаған.
“Имамдар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасына бәріміздің ет жүрегіміз езілді. Қос аяғынан айырылған қыздың да тағдырына қатты алаңдадық. Діни басқарма бұл оқиғалардан тағы да тыс қалған жоқ. Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр. Өмір тек қайғыдан тұрмайды. Бас мүфтидің қаралы жиында ғана емес, қуанышты басқосуларда да төбе көрсетіп, бата беруі – орынды іс”, – деп жазды Facebook желісінде Ағабек Қонарбайұлы.
Еске салсақ, бұған дейін Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойынан қанша пайда тапқаны туралы жазған едік.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек
Қожайындар енді екі айлық пәтер ақысын депозит ретінде бірден сұрайды
Қазақстандық оқушы ауа арқылы су тапшылығын жоюдың жолын қалай ойлап тапты: Оның өнертабысына шетел қызығуда
Ол жақында Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінде Cleantech Days Forum 2026 форумында әлемнің үздік үш жас өнертапқышының қатарына енді