Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оргазмға жетудің жолдары, сексологтың көмегіне қашан жүгіну керек - отандық маман жауап береді

Қазақ ұлтының менталитеті, тәрбиесі секс туралы ашық әңгіме қозғауға шектеу қою арқылы қазақтардың өміріне кесірін тигізуде. Жыныстық қатынасқа байланысты туған проблемаларын талқыламайтын, шешуге тырыспайтын ерлі-зайыптылар түбінде келісімге келе алмай ажырасып кетіп жатыр. Ал ажырасуға бата алмайтындар көзге шөп салу сынды опасыздықтың санын арттыруда. Stan.kz тілшісі отандық сексолог Камилла Ленинамен сұхбаттасып, сексуалды өмірде қиындықтар туындағанда, оргазмды сезбей қалғанда не істеу керектігін және секс туралы заң Қазақстанда неліктен қабылдануы керектігін анықтады.

Суретте Камилла Ленина

Камилла, сексологтың көмегіне қандай жағдайда жүгіну керектігіне тоқталып өтіңізші.

Психологиялық және соматикалық себептерге байланысты сексуалды өмірдің нашарлап кеткені байқалған кезде. Соматикалық себептер түрткі болса, дәрігер сексологқа немесе мамандықтары осыған ұқсас дәрігерлерге, яғни гинекологқа, уролог-андрологқа, эндокринологқа қаралған жөн. Денсаулықтың мәселелерінен құтылғаннан кейін психологиялық проблемаларға барлығы жүз пайыз шешіледі деген сеніммен кірісуге болады. 

Менен көбінесе секс кезінде оргазм алуда немесе рахаттануда қиналатын, қанағаттана алмайтын, құлшынысы төмен немесе мүлдем жоқ адамдар көмек сұрайды. Сондай-ақ қоздыруды қолдау кезінде қиналатын, өз денесін қабылдай алмайтын, махаббаттың, секстің бір сценарийінде қалып қойған, серігімен араласу кезінде қиындықтарға тап болатын адамдар кеңес алады. 

Ер адамның әрі әйелдің сексуалды темпераментіне қай ұлттан шыққаны белгілі бір рөлді ойнайды ма? 

Жоқ, себебі бұл жалпыланған дөрекі тұжырым болмақ. Темперамент адамға туа бітсе де, ол ұлтқа тиесілі емес. Сексологияда темпераментті жыныстық конституция деп атайды. Оның күші көп, орташа немесе әлсіз болады. Темпераментті сексолог кейбір физикалық қасиеттерге және сексуалды, репродуктивті тәжірибенің мән-жайына сүйеніп отырып анықтайды. Жыныстық конституцияның бірде бір нұсқасы нашар немесе ұнамсыз болып саналмайды. Бұл көздің түсі, құлақ пішіні секілді параметр. 

Жыныстық қатынасқа түскісі келмесе де, серігінің көңілін қалдырмас үшін жақындасуға баратын әйелдер бар. Бұл өз-өзін құрметтемеудің белгісі ма?

Бас тарту немесе жоқ деген жауапты қабылдау — дұрыс қарым-қатынастың дағдысы. Секске құлшыныссыз келісім беру — өз-өзіңді зорлаумен бірдей. Мұның нәтижесі секстен жиіркеніп кетуге әкелуі мүмкін. Жоқ деп бас тарта білу үшін бірінші кезекте әйел өзін тыңдай білуі тиіс: "Мен қазір секспен айналысқым келеді ме, әлде келмейді ме?" деген сұраққа жауап бере алуы керек. Сонымен қатар, қаламайтынын дұрыстап айта білгені де маңызды. Сіз серігіңіз көп нәрсені талап ететін жаман адам болған соң емес, қазіргі уақытта жыныстық қатынасқа түсуге дайын болмағандықтан бас тартып жатсыз. Қазір — әрқашан дегенді білдірмейді. 

Оргазмды сезінбейтін әйелдерге қандай кеңес бере аласыз?

Мұның өзіндік себептері бар. Бұл әдетте гормоналды өзгерулер кезінде (жүктілік, емізу, климакстық кезең, гормоналды бұзылулар) орын алады. Сондықтан мұндай жағдайда гормондарды тексерген маңызды. Егер ол қынаптың құрғақтығымен байланысты болса, майлағышты пайдаланған жеткілікті. Егер әйел бұрынғы серігімен ләззат алып, қазіргімен ойдағыдай рахаттана алмай жүрсе, ләззатты қалай алып жүргенін есіне түсіруі тиіс. Сөйтіп қазіргі серігінен сәйкесінше мейірімді сұрауы керек. 

Егер ләззат алу және ләззат алмау кезеңінде ол серіктесін өзгертпеген болса, онымен қарым-қатынаста, жыныстық қатынасты өткізу актісінде, қоршаған ортада не өзгергенін анықтауы керек. 

Өз-өзіне деген махабаттың жыныстық өмірде қандай рөл ойнайды?

Өз-өзін жақсы көру деген  —  денеңізді, сексуалды екеніңізді қабылдау, денсаулығыңызды күту, өз шегараларыңызды білу, сексуалды өмірден ләззат ала білу. Сондықтан өз-өзіңізге деген махаббаттың өміріңізде соңғы рөлді ойнамайтынын ескеріңіз. 

Сырт келбетін бағаламайтын әйелдер төсекте де рахаттана алмайтыны анық, бұдан қалай құтылуға болады? Өз денеңді жақсы көру үшін не істеу керек?

Өз денеңізбен жиі байланысып тұрыңыз. Нақтырақ айтқанда, оған жылы сөздер айтыңыз, сипалап, уқалаңыз, хош иісті тұз салынған ваннаны қабылдаңыз.  Денеңізді зерттеңіз, әдемі, жақсы матадан жасалған киімдерді киіңіз. Әрі оған осы әлеммен байланыс орнатуға көмектесетіні үшін алғыс айтуды ұмытпаңыз. Бұл - ұзақ процесс. Себебі, өз денесін қабылдай алмау деген жайдан-жай пайда болмайды, жылдар бойы қалыптасады. Денені қабылдай алмаудың өзіндік себептері бар. Мысалы, әйел кішкентай қыз болғанда ата-анасы үлкен құлағы немесе қысқа аяқтары үшін келемеждеген шығар. Немесе алғашқы жігіті сыртқы келбетін сынап, мектептегілер мазақтаған болар. Қазіргі серігі де сын арқылы оның өзін-өзі төмен бағалауына түрткі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әйел сыртқы сынға шектеу қоя білуі керек. Ал ішкі сынды азайтып, ақырындап өз-өзіне деген қамқорлықпен алмастыруы қажет. 

Биязы (женственность - ред.), нәзік болу үшін ше? 

Биязылық деген сіздің түсінігіңізде нені білдіреді? Осыны анықтап, сіздің көзқарасыңызбен сәйкес келмейтін, өзгелердің биязылық туралы түсінігін бойыңызға қаншалықты сіңіріп алғаныңызды айқындаңыз. Өзіңіздегі қайталанбайтын биязылықты қабылдаңыз. Нәзік болу үшін өзіңізге деген қарым-қатынаста нәзіктік тұнып тұруы қажет. Сіздің нәзіктігіңізге кез-келген адам лайықты емес, осыны ескеріңіз. Лайықты адамға оған тиесілі нәзіктікті танытыңыз. 

Елімізде Украинадағыдай секс туралы заң қабылдануы қажет пе?

Әлбетте керек. Еуропа конвенциясының кеңесі әйелдерге көрсетілетін зорлықпен, үйдегі зорлықпен күресу үшін арнайы талаптарды бекіткен. Украина заңды сол талаптарға сай болуы үшін қабылдады. Секс туралы заң қабылданып, күшіне енуі үшін қоғамдық сана-сезімнің деңгейі оған сәйкес болуы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, қоғам және лауазымды тұлғалар зорлыққа ұшыраған адамдарды айыптауды тоқтатуы керек.

Зорлық — гендерлік кемсітушіліктің ең ауыр түрі. Біздің елімізде зорлық ауырлығы орташа қылмыстың қатарына кіреді. Біреуді зорлаған адам жазадан оңай құтылып кете алады. Ал зардап шеккен адамның жағдайы не болмақ? Қазақстанның көптеген өңірлерінде қыздың пәктігі өте маңызды. Тұрмысқа шыққанда сүйген жігіті "мені алдадың" деумен бірінші неке түнінен кейін далаға қуып шығуы мүмкін ғой. Ал мұны көтере алмаған қыз өз-өзіне қол жұмсайтын жайттар бар. Мұндай жағдайға тап болғанда не істеу керек? Зорлықтан кейінгі психологиялық соққыдан қалай құтылуға болады?

Зорлаған адамды ешқашан, ешқандай жағдайда, ешнәрсе ақтамайды. Санасыздық, түнгі уақыт, киім және тағы да басқа дүниелер жиіркенішті қылмысқа барған адамның жазасын жеңілдететін тәсілдер ретінде қарастырылмайды. 

Бұл жағдайда қоғамның зорланған адамды зорлыққа ұшырағаны үшін кінәлайтыны өте өкінішті. Сексуалдық зақым оның қорлық таңбасы болмауы тиіс. 

Зорлыққа ұшыраған адам міндетті түрде психологтың көмегіне жүгініп, зақымымен жұмыс істеуі керек. Егер адам осы жұмыстың нәтижесінде өзін оқиғаның құрбаны емес, батыры сезінсе, мұны жетістік деп түсінуге болады. Оның "Мен зардап шегуші емеспін, осындай жағдайды басымнан өткерген жанмын" деген тұжырымға келгені дұрыс. Сонымен қатар, психолог оған бойындағы құндылықтарының бағалы екенін және сыртқы ортадан да құндылықтарды сіңіре алатынын түсіндіре білсе, болашақта агрессордан қорғануға көмектесетін дағдыларды дамытса, тіпті керемет. 

Зорланған қыздың басты жұмысы — өз-өзіне қамқор болып, оны жан-дүниесімен, бастан өткерген оқиғаларымен толықтай қабылдай алатын адамға тұрмысқа шығу. 

Алғашқы неке түні қыздың өлімімен аяқталуы мүмкін бе? 

Жыныстық мүше жыртылып, қан қатты кеткен жағдайда, өліп кетуі мүмкін. Бұл үлкен адамдарға кәмелеттік жасқа толмай жатып тұрмысқа шығуға мәжбүр болған қыздардың басынан өткен.

Орташа статистикалық некелерде екі жақты келісім бойынша секспен айналысатын кәмелеттік жасқа толған адамдардың арасында мұндай оқиғаның орын алуы екіталай. Бірақ қан кету тоқтамаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет.

 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау