Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ораза ұстау кезінде қандай қателіктер жіберіп жүрміз? Имам ашық айтты

2023 жылдың 23 наурыз күні қасиетті Рамазан айы басталады. Ораза ұстау ережелеріне қатысты ең жиі қойылатын сауалдарға Алматы қаласының бас имамы — Төлеби қажы Оспан жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Толеби кажы

Дін өкілінің сөзіне сүйенсек, отыз күн ораза ұстап, ниет еткен жандарды шөл қысу, өз түкірігін жұту туралы тақырып жиі толғандырады екен.  

"Адамның сілекейі әрдайым бөлініп тұрады ғой. Ораза ұстаған адам түкірікті қайта-қайта есіне ала берсе, аузы сілекейге толып қала береді. Сондықтан есіне түсірмей, мән бермеуге тырысу керек. Ал шөлдеген жағдайда әдейі түкірігін жинап, жұтуға болмайды", — деді Алматы қаласының бас имамы.  

 
Сонымен қатар Рамазан айында күндізгі уақытта кейбір жағдайларға тыйым салынады.

"Ерлі-зайыптылардың қосылуы (жыныстық қарым-қатынасқа түсуі) оразаны бұзады. Ауыз бекіткен уақыт пен ауыз ашқан аралықта қосылуға тыйым салынады. Ауыз ашқаннан кейін, тамақтанғаннан кейін ауыз бекіткенге дейінгі аралықта некелі ерлі-зайыптылардың қосылуына ешқандай тыйым жоқ. Күндізгі уақытта бұл мәселеге сақтықпен қарау керек", — деді Төле би қажы Оспан. 


Имамның айтуынша, ораза ұстау балиғат жасына толған, денсаулығы жақсы, рамазан айында жолаушы ретінде сапарға шықпаған ер мен әйелге міндеттеледі. 


Оразадан уақытша босатылатын адамдар: 

  • Жолаушы адам;
  • Науқас адам; 
  • Жүкті әйел;
  • Емізулі ана;
  • Әйелдердің етеккірі келген кезең;
"Алайда жолаушы сапарын аяқтағаннан кейін, науқас сауыққаннан кейін, жүкті әйел босанып, тазарғаннан кейін және емізулі ана баласын омыраудан шығарғаннан кейін оразасын жалғастырып, ұстай алмаған күндерінің қазасын кейін өтейді", — дейді ҚМДБ өкілі.

 
Оразадан мүлдем босатылатын адамдар: 

  • Қарттығына байланысты ұстай алмайтын кісілер;
  • Созылмалы ауруға шалдыққан кісілер;

Сондай-ақ Алматы қаласының бас имамы бұл сұхбатында оразада уақытының басым бөлігін ұйқымен өткізіп, сәресі кезінде ұйқысын қимайтындар мен таңертең дер кезінде тұрмайтындарға да өзінің ақыл-кеңесін берді. 

"Алғаш ораза ұстағандар арасында "Әйтеуір уақытты ұйқымен өткізіп, ішіп-жемесек болды" деген түсінік бар. Бұл – дұрыс емес. Жалпы, отыз күн ораза – сіз бен біздің өміріміз. Біріншіден, біз Рамазан кезіндегі уақытымызды ретке келтіріп алуымыз керек. Сәресіне тұру уақыты, өзінің жұмыс кестесі, өзін рухани дамытуға да уақыт бөлген жөн. Ал сәресіне тұрған адамның күні бойы көңіл-күйі дұрыс жүреді. "Сәресінде береке бар" деген Пайғамбарымыз", — деді Төлеби қажы. 


Ораза ұстау ережелеріне қатысты Алматы қаласының бас имамы берген сұхбаттың толық нұсқасы Stan.kz YouTube арнасында!

 

Талқылау