Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда қамауға алынған президенттің жақтастары шеруге шықты

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдың жақтастары шеру өткізіп, Сеулдегі сот ғимаратын бүлдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Yonhap

Президентті қамауға алу туралы бұйрық шыққаннан кейін оның ашулы жақтастары наразылық ретінде соттың терезелерін сындырып, күштеп ішке енген. Олардың кейбіреулері ғимаратты қоршап тұрған полиция қызметкерлеріне пластик орындықтар, қоқыс және басқа да заттарды лақтырған.

Президенттің жақтастары шеру өткізген аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүздеген офицерді жұмылдырғаны хабарланды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сенбіде сот отырысы өткен сот ғимаратының жанына 44 мыңға жуық адам мемлекет басшысын қолдауға жиналған.

Олар оның атын айғайлап, Оңтүстік Корея мен Американың жалауларын желбіретті. Кейбір наразылық білдірушілер жылап жатса, басқалары полициямен қақтығысты.

Юн сот отырысынан кейін уақытша ұстау изоляторына оралу үшін сот ғимаратынан шығып бара жатқанда, оның жақтастары сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу бөлімін таратуды талап етіп, тергеушілерге тиесілі деп есептелген көліктердің жолын жауып тастады.

Сеулдегі тәртіпсіздік орын алған жерде полиция 45 наразылық білдірушіні ұстады.

Бір күн бұрын сот қоршауынан асып кетпек болған 40 адамның ұсталғанын есепке алғанда, полиция барлығы 86 адамды ұстады.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және оған қатысы барларға қатысты шараларды анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылғаны хабарланды.

Еске салсақ, құқық қорғау органдары Оңтүстік Корея президенті бүлік шығарды деп айыптап, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.

Юн Сок Ёльдің адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтты. Өйткені конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.

Сол кезде Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёльді тұтқындай алмаған еді. Бірақ 15 қаңтарда қамауға алу туралы ордер беріліп, президентті изоляторға алып кетті.

Талқылау