Қазақстанда онлайн-казино мен лицензиясы жоқ букмекерлер қызметіне тыйым салынады
Құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.
Сонымен қатар енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті. Осылайша мемлекет олардың барлық қаржылық операциясын көре алады.
Одан бөлек Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды.
Уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі.