"Оны өлтіріп қойған сияқтымын, үйге кел деді": Әкесі 7 жасар қызының өліміне қатысты мән-жайды айтып берді
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 7 жасар Карина Закураеваның өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Қаза болған қыздың өгей анасы, қоғам қайраткері Балжан Тұрлыбек сот залында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот отырысында қыздың әкесі әрі айыпталушының күйеуі Бәкен Ғалымжанұлы куәлік берді. Куәгер қорғаушы мен айыптаушы тарап сұрақтарына жауап беруде біраз қиналды. Айтуынша, Балжанмен оның ауласында сыпырушы болып жұмыс істеп жүрген кезде танысқан. Екеуі 2022 жылдың қыркүйегінен бастап бірге тұрған. Ол қызы Каринаны әжесінен 2023 жылдың сәуір айында алып келген.
"Ол: "Егер қазір алып келмесең, кейін әкелудің қажеті жоқ" деді. Біз оның пәтерінде ұлы, анасы және оның тәтесімен бірге тұрдық. Әйелімнің баласы басқа жаққа көшіп кеткен соң қызымды осы үйге алып келдім. Тәтесі кеткен соң Балжан қызыма қол көтере бастады", – деді қыздың әкесі.
Айыпталушының адвокаты куәгерден әйелдің өгей қызын қалай ұрғанын айтып беруін сұрады. Алғашында ер адам нақты есіне түсіре алмады, бірақ ол кейінірек бірнеше ұқсас оқиғаларды мысалға келтірді.
"Асүй мен бөлменің арасындағы дәлізде қызымның басын қабырғаға соқты. Оны тоқтатпақ болдым, алайда мені тістеп алды. Бұл мамыр айында болған еді. Сосын қызымды алып далаға шыққан едім, ол "егер дәл қазір үйге кірмесең, мүлдем қайтып кірмейсің" деп айқайлады. Тағы бірде оны балконда жазу жазуға мәжбүрледі. Ол жаза алмаған соң басын гипсокартон қабырғаға соқты", – деді қыздың әкесі.
Ер адам өзінің де қызына қарсы қол көтергенін мойындады. Айтуынша, қызы әріп жаза алмаған кезде белбеумен 2-3 рет сабаған.
Куәгер қайғылы күннің, яғни 10 шілде күнгі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Айтуынша, таңғы сағат 08.00 шамасында әйелі екеуі оянған. Ол дүкенге кеткен кезде, қызы Карина да оянған. Балжан Тұрлыбек оларға таңғы ас әзірлеп берген. Содан кейін үйлеріне кабель тартып жатқан альпинистер келіп, көмек сұраған. Ер адам оларға көмектесіп жүріп бірнеше рет үйіне кірген кезде бәрі жақсы болған. Әйелі тіпті емханаға барып келген.
"Ол қайтып келгенде үй маңайындағы ағаштарды бұтап жатқанбыз. Үйге кіріп, киім ауыстырып шықтым. Ол кезде қыз бөлмеде болатын. Бір уақытта Балжан хабарласып: "Мен оны өлтіріп қойған сияқтымын, үйге кел", – деді. "Келсем, қызым ваннада жатыр. Оның дауысы қырылдап естілді. Аузынан қан кетіп жатты. Қыздың маңдайы іскен, денесінде бұрынғы ұрып-соғудан қалған көгерген жерлері бар. Балжан оны жуындырды, мен оны көтеруге көмектестім. Сосын мүсәтір спиртін әкелу үшін дәріханаға кеттім. Дәрігерлер кейінірек келді, кардиограмма жасап, полиция шақырды", – деді ер адам.
Әкесінің айтуынша, полицейлер келгенше айыпталушы қыздың байқаусызда қаза тапқаны туралы куәлік беруді сұраған.
"Ол өздігінен құлады. Мен балконда болдым, әйелім үй жинап жүргенде бала ваннада еді, аяғы тайып құлады" деп айтасың деп ескертті", – деді қыздың әкесі.
Алғашында ер адам тергеушілерге осындай айғақтар берген. Бірақ небәрі 10 минуттан кейін ол қызының әйелінің бірнеше рет ұрып-соғуынан қаза болғанын айтып, хабарласқан.
Куәгерден сұрау кезінде тағы бір күтпеген жайт белгілі болды. Кісі өлтірілген күні әкесінің өзі қызын белбеумен ұрған.
"Үйге тамақ ішуге барып, қызымды жазуға отырғыздым. Кейін қарасам, ол қате жазып отыр екен. Сосын белбеумен екі рет ұрдым. Сол сәтте Балжан оянып кетті", –деді куәгер.
Қорғаушы қыздың әкесінің жұмыс істемейтінін айтты. Сондай-ақ отбасында ішімдікке байланысты жанжалдар мезгіл-мезгіл орын алған.
Айыпталушының айтуынша, ер адам өз үйінен қуылған соң, осы әйелмен бірге тұра бастаған. Ал қызын әжесі мен тәтесінің (ер адамның туыстары) шағымынан кейін осы үйге алып келген.
Сот процесі жалғасуда. Қорғаушы тарап қосымша куәгерлерден жауап алу туралы өтініш берді.
Еске салайық, шілде айында Алматыда қоғам қайраткері Балжан Тұрлыбек серіктесінің жеті жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінген еді. Қыздың туыстары оның баланы бірнеше ай бойы аяусыз ұрып-соққанын алға тартады. 14 шілдеде әйел екі айға қамауға алынды.