"Өміріме өзгеріс енгенін қаладым": Баян Мақсатқызы ұл баланың анасы атанғысы келетінін жасырмады
Отандық продюсер Баян Мақсатқызы ұлды болғысы келгенін, бірақ арманы орындалмағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/
Медиа маманы блогер Айсәуле Бақытбекке "Сырласу" бағдарламасында берген сұхбатында айтып берді.
“Тұрсен екеуміздің қыздарымыз бар. Бірінші некесіндегі қызын да өте қатты жақсы көреді. Мен де сендерді шексіз сүйемін. Менің дәрігер Салтанатқа барғандағы мақсатым – ұл баланың анасы болу еді. Ұл балаға қарау, ұл баланың анасы атану сезімін басымнан өткеріп көргім келді. Мұның ұрпақ жалғастыру, жеті атасын толықтыру деген нәрселерге қатысы жоқ. Өміріме өзгеріс енгенін қаладым. Түсік тастағанда ұрықтың ұл екенін білдік. Өзімнің көңіл-күйім түсіп кетті. Бірақ Тұрсен: “Неге қыз баланы өмірге әкелмеске” деді. “Қыздарың бар ғой, ұлға ниеттенейік” дедім. Ол: “Мен қыздарымды жақсы көремін, қарашы, қандай сұлу қыздарымыз бар” деді. Содан кейін ойым өзгерді, – деді Баян Алагөзова.
Одан кейін продюсер жасы ұлғайған кезде аналардың бала көтеруі ешқандай да ұят емес екенін жеткізді.
“Екі қыздың анасы атанып, тіпті жасарып кеттім. Өзімді ешқашанда 50 жастағы әйел сезінбеймін. 30 жасым мен 50 жасымның арасынан ешқандай айырмашылық көрмеймін. Белгілі бір шеңбер ішінде ғана ойлайтын адамдарға айтарым – мұның бәрі сіздің басыңыздағы ойлар. Сіздің барлық кәрілігіңіз – басыңыздағы ойда ғана. "Осы жаста қалай бала табады екен" дегенге ұялмаймын. "Ұят қой, мынау" дейді. Бәлкім, мұндай ойлар маған мүлде жат шығар. Білмеймін, маған ұят емес. Қаласам, 60 жасымда бала таба аламын. Бәлкім, екі емес, 10 жылдан кейін тағы бала тапқым келетін шығар?! Неге таппасқа?! Денсаулығыңды күт, психологиялық жағдайыңды бақыла! Тар шеңберде ойлайтын болсам, бәлкім, дәл қазір өзіңмен ашық әңгіме айтып отырмас едім”, – деді актриса.
Еске салайық, "Төрт жылда екі рет түсік тастады" деген Баян Мақсатқызы екі қызының дүниеге келуіне қатысты құпияны ашқан еді.