Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшылары қазақстандық әскерилердің қаза болуына байланысты Тоқаевқа көңіл айтты

Тоқаев Путин (1)
Фото: Ақорда

Бірқатар елдердің президенттері қазақстандық әскерилердің қаза болуына байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Путиннің мемлекет басшысына жолдаған жеделхатының мәтіні Кремль сайтында жарияланды. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтатынымды жеткізуіңізді сұраймын. Ресей халқы бұл қасіретті күйзеліспен қабылдайды", – делінген жеделхатта.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу өткізу кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілері қаза тапқаны туралы хабарды зор өкінішпен қабылдадым. Қырғыз халқының және өзімнің атымнан Сізге, қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына осы ауыр сәтте шын жүректен көңіл айтып, қолдау сөздерімді білдіремін. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", – деп жазды Қырғызстан басшысы.

Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты.

"Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза болғанын ауыр қабылдадық. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына және Үкіметіне шын жүректен көңіл айтамыз. Алла қаза тапқандардың рухына мәңгілік тыныштық беріп, олардың отбасыларына осы қиын сәтте күш пен сабыр берсін. Із-түзсіз жоғалғандар аман-есен табылады деп үміттенеміз және жарақат алған әскери қызметшінің тезірек сауығып кетуін тілейміз", – делінген хабарламада.

Түркияның Сыртқы істер министрлігі де Каспийде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты Қазақстанға көңіл айтты. 

"Ақтау жағалауында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза болғанын терең қайғырып қабылдадық. Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ Қазақстан халқына көңіл айтамыз. Алла қаза болғандардың рухына тыныштық берсін", – делінген хабарламада. 

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 08:25