Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бұрынғыдан 10 есе көп табамын”: Емшектегі баласын тастап шетелде үй тазалаушы болып орналасқан әйел табысы туралы айтты

Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кеткендердің қатары жыл сайын толықпаса, азаймай отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің мәліметінше, 2023 жылы 194 мың қазақстандық өзге елге табыс табуға кеткен. Солардың бірі – 3 баласын елде қалдырып, Германияда еңбек етіп жүрген Айткүл Сармұрзаева. Жалғызбасты ананың айтуынша, жат жұртта жалданып, күніне 50 мың теңге нәпақасын тауып жүрсе де, жұмыстың оңайы жоқ. Кейіпкер Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, неліктен балаларын қалдырып, шетел асуға мәжбүр болғанын және Еуропадағы күнкөрісі туралы баяндап берді. 

Фото Айткүл Сармұрзаеваның жеке архивінен

Әлеуметтік желіде Айткүл Сармұрзаеваның үш баламды тастап шетелге кеттім деген видеосы қызу талқыға түскен еді. Келіншек өзіне айтылған сынға жауап беріп, адал жолмен ақша тапқанын, балаларын асырап отырғанын айтып ағынан жарылған. 

"Мен сіздерге демалып жатырмын, қыдырып жүрмін деп айтып тұрған жоқпын. Қолымды қараңыздаршы, күс-күс. Аптаның 7 күнінде де үй тазалаймын. Демалыс жоқ. ...Иә, балаларым елде қалды. Жан, жүрек, ұйқы тыныш емес. Бір емес, екі дипломым бар. Соған қарамастан, жат елде жұмыс істеуге мәжбүрмін. Сіздер алып жүрген 80 мың теңге айлықтың, мұнда 10-15 есесін тауып жүрмін. Себебі мұнда еңбегіміз адалынан бағаланып, ақымыз желінбейді. Мысалы, бүгін 7 сағат істеп, 50 мың теңгеден аса таптым. Мұны сіз Қазақстанда 15 күн істеп табасыз. Дұрыс па? Дегенмен бұл жат елде азаматтығымыз бен құқығымыз болмағандықтан, қара жұмыс істейміз. Балаларым өсіп, аяқтан тұрып кетсе, Қазақстанға оралып, жұмыс істеуге ниетім бар. Мұны көзі-қырақты отандастарым көріп, салыстырып, ойлары өсетініне сенімдімін", – деді Айткүл Сармұрзаева видеодағы жауабында.

Айткүл Сармұрзаева Қазақстанда ең алдымен "Әлеуметтік қызметкер" мамандығын игерген. 2011 жылдан бастап 2019 жылға дейін емханада қызмет атқарып, жарымжан жандарға көмектескен. 

"Екінші дипломым "Бастауыш пәнінің мұғалімі". Бұл мамандықпен көп жұмыс істемедім. Жалақы төмен болғандықтан, жұмыстан өз еркіммен шықтым. Айлығым не балалардың ішіп-жеуіне, не несие төлеуге жетпейтін еді. Сол себепті ол жұмыстан бас тартып, қара жұмысқа кеттім", – деді ол.

Фото Айткүл Сармұрзаеваның жеке архивінен

Әйел Қазақстандағы жалақысы 120 мың теңге болғанын жеткізді. Оның үстіне бұрынғы күйеуі бірнеше несие алып, әйелді қарызға батырып кеткен екен. 

"Қазақстанда жалақым 120 мың теңге болды. Таңғы сағат 09:00-дан кешкі сағат 19:00-ге дейін 1,5 ставкамен жұмыс істедім. Одан қалса ипотекама айына 60 мың теңге төлеймін. Қосымша тұрғын үй-коммуналдық қызметтер үшін төлеуім керек. Азық-түлікке және 3 баламның киім-кешегіне төлейтін ақша бар. Бұл айлықты ешнәрсеге жеткізе алмадым. 2019 жылы бұрынғы күйеуім, балаларымның әкесі бізді тастап, қомақты сомада кредит алып, қарызға тығып кетті. 2023 жылдың жаз айына дейін бұрынғы күйеуімнен алимент өндіріп алғым келді. Тиісті құзырлы органдарға да жүгіндім. Міне, 6 жыл өтті. Әлі балаларына не хабарласпайды, не жағдайын сұрап білмейді. Еліміздегі сот орындаушыларына көңілім қалды. Заң шеңберінде жалғызбасты ана үшін алимент өндіріп бере алмады. Қарызға белшеден батқан соң шығудың амалын іздеп, Алманияға (Германияның тарихи атауы) бет алдым. Бүгінде 85 мыңға, 100 мыңға бес баласын бағып отырған отбасыларға қарап, қайран қаламын. Қалай олар сол ақшаға күн көріп отыр екен? Мұндай отбасыларға басымды иемін. Себебі Қазақстандағы азық-түліктің бағасы дәл Еуропамен бірдей. Бірақ біздің елдегі айлық, олармен салыстырғанда 10 есе төмен. Бүгінгі қазақ халқының жағдайына аянышпен, қорқынышпен қараймын", – деді Айткүл Сармұрзаева.

Қазір Германияның Берлин қаласында гастарбайтер ретінде жұмыс істеп жүрген түркістандық келіншек балалары туралы айтып берді. 

"Қазақта "арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар..." деген сөз бар. Егер өз елімде, өз жерімде жағдайым жақсы болса, омыраудағы баламды тастап, шетелге қара жұмыс істеуге бармас едім. Маған бұл шешімді қабылдау қиынға соқты. Тәуекелге бел будым. Ата-анамның, балаларымның, бұл шешімді қабылдауда қосқан үлесі зор болды. Себебі балаларым жақсы өмір сүргісі келетінін және жоғары деңгейде білім алғысы келетінін айтқан соң, теңіз асуға, жақсы ақша табуға мәжбүр болдым. Күйбелең тіршіліктен шаршап, шарасыз шетелге кету туралы шешім қабылдадым. Әрине, балаларым елде қалды. Қазір қызым колледжде 2-курс, ұлым 1-курста білім алып жатыр. Екеуі де грантта оқиды. Ал 2019 жылы шетел аспай тұрғанда кенже ұлым 2,5 жастағы омыраудағы бала еді. Бүгінде ол 2-сыныпты ақылы мектепте оқып жатыр. Балаларымды ата-анам қарап, көзайым болып отыр", – деді Айткүл Сармұрзаева.

Фото Айткүл Сармұрзаеваның жеке архивінен

Айткүл алмақтың салмағы бар екенін түсінеді. Ол бауыр еті балаларымен хат жазысып, байланыста болса да, жақындарының жанында болу әрбір ана үшін өте маңызды екенін айтты. 

"Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тумасымын. Мені туыстарым, ата-анам мен балаларым қолдайды. Басыма іс түскенде қолтығымнан демеп, балаларыма қарасып жүрген ата-анама айтар алғысым көп. Олар "біздің көзіміздің тірісінде балаларыңның жағдайын жасап ал" деп қолдау беріп отыр. Ата-анам менің жалғызбасты ана бола тұра, үш баламды ешкімнен кем қылмай өсіріп отырғаныма мақтанады. Қандай жұмыс істесем де, тілеуімді айтып отырады", – деді отандасымыз.

Айткүл Сармұрзаева Берлиндегі жалақысы Қазақстандағы табысынан 10 есе көп екенін айтады. Қазір ол айына 1 миллионнан аса айлық алады екен. Оның айтуынша, Германияда Қазақстанмен салыстырғанда жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Онда әр адамның уақытын бағалайды және 1 сағатқа кемі 5 000 теңге төленеді. 

Әйел алдағы уақытта Германияда қалмайтынын және елге оралатынын айтады. Сөзінше, Берлинде тек материалдық жағдайын дұрыстау үшін ғана жүр. Жұмыс берушімен көбіне аудармашы арқылы тілдескен соң, неміс тілін тек 20% ғана меңгергенін айтады.

"Жұмысымда неміс тілін қатты талап етпейді. Негізі тіл білгеннің пайдасы көп дер едім. Қалаған жұмысыңда қызмет ете аласың", – деп түсіндірді Айткүл Сармұрзаева.

Ол Германияда тұруға ықтиярхат та алған екен. Сондықтан туған жерге барып-келу құқығы бар екенін айтып қуантты. 

Дегенмен шетелдегі жұмыс бәрі ойлағандай оңай емес дейді. Өйткені тіркеуі не азаматтығы жоқ адамды шетелге келгенде ешкім құшақ жайып қарсы алмайды. Өзі де Германияға алғаш келгенде ең төменгі жалақыға жұмыс істеген. Бірнеше рет жұмыс орнын ауыстырған ол ақыр аяғында денсаулығы сыр бергенін айтып өтті. 

"2019 жылы Берлинге келген кезде автозауытта ең төменгі жалақыға жұмыс істедім. Біз келгеннен кейін 2020 жылы әлемде коронавирус басталды. Уақытты бос жоғалтпай, сиыр фермасына орналастым. Онда ешжерге шықпай, 1 жыл, 8 ай сиыр туғыздым. Пандемия тынышталғаннан кейін Францияға барып, маусымдық жұмыстар істедім. 3 ай құлпынай тердім. Францияның Авиньон қаласында қол орақпен лаванда ордым. Лаванда науқаны біткеннен кейін Парижге келіп, тойханада ыдыс жудым. Одан бөлек, бөлме тазалаушысы болдым. Сөйтіп, 2022 жылдың 30 мамырында Қазақстанға қайтуға мәжбүр болдым. Себебі денсаулығым қатты сыр берді. Кеуде тұсыма ота жасатып, ем-шара қабылдадым. 2023 жылдың 5 тамыз айында қайта келіп, қазір бөлме тазалаушысы болып жүрмін. Бұған қоса, мейрамханада ыдыс жуып, қосымша жұмыс істеймін. Мұнда әр артық сағат үшін ақша төлейді", – дейді әйел.

Фото Айткүл Сармұрзаеваның жеке архивінен

Айткүл Сармұрзаева Германияда басқа Еуропа елдеріне қарағанда жалақы жоғары төленетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар мұнда ескі таныстары болғандықтан, дәл осы елді таңдағанын атап өтті.

Сөз соңында еліншек шетелде жұмыс істеп, қаражат жинағысы келіп жүрген қазақстандықтарға кеңес берді.

"Шетелге шығыңыздар, ел көріңіздер деп кеңес беремін. Шетел әрбір адамға моральды және материалды тұрғыдан өсуіне көмек береді. Өзге елге шығып жұмыс істегісі келетін өзім сияқты жандарға жаңа нәрсені байқап көруден қорықпауға, әрқашан өзін дамытуға кеңес берер едім. Тәуекел етіңіздер. Тіл жаттаңыздар. Қорықпаңыздар. Әрекет етіңіздер", – деп түйіндеді отандасымыз.
Талқылау