Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушы қыз жүкті емес": Түркістан облысы полициясы жасөспірімді зорлау оқиғасы туралы түсініктеме берді

Түркістан облысы полиция департаменті әлеуметтік желілерде 24 сәуірде Төлеби ауданы Зағамбар ауылында болған оқиға туралы ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay

Мәліметтерге сүйенсек, 24 сәуірде кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

"Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып,  қамауға алынды. Сараптама тағайындалды және қылмыстық іс сотқа жолданады. Сонымен қатар 25 сәуірде полицияға бөтеннің мүлкін өртеу туралы хабарламалар түсті. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ", – деді полиция департаменті.

Бөтеннің мүлкін өртеу фактісіне қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Аталған жайттер бойынша нақты ақпарат оқиға болған күні полиция департаментінің ресми парақшаларында жарияланды.

"Қазіргі уақытта, Зағамбар ауылында жағдай тұрақты, облыс әкімі және барлық мемлекеттік органдар басшыларының төрағалығымен ауыл тұрғындарына жиын өткізіліп тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, заң шеңберінде шешім қабылданатыны ескертілді. Интернет желісінде таралған, яғни "Бірнеше оқушы ұсталды, жәбірленуші жүкті және бірқатар жігіттер зорлады" деген жалған ақпараттар шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда жалған ақпарат таратқан бірқатар авторлар анықталды, оларға қатысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қабылданды. Барша азаматтарға ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сену қажет! Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертемін", – деді Түркістан облысы ПД басшысы.

Еске салайық, Түркістан облысында жасөспірім кәмелет жасына толмаған қызды зорлады деген ақпарат тараған еді. Аталған даулы оқиға болған Төлеби ауданы, Зағамбар ауылы бірнеше күннен бері тыншымай тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 23 сәуірде кешкі сағат 19:00 шамасында ауылда полицей көліктері көбейген. Құзырлы органның бұл жұмысын ауыл тұрғындары тексеріс деп қабылдаған екен. Алайда сол күні түнгі сағат 2:00-де ауылдағы бірнеше үйдің қора-қопсысы мен көліктері бір сәтте өртеніпті. Осы оқиғаны көз көрген жергілікті тұрғындар 24 сәуір күні таңды қорқынышпен атырдық дейді.

Талқылау