Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі мектеп формасы мен үш тілді білім беруге қатысты енгізілген өзгерістерді түсіндіріп берді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың мектеп формасына айтарлықтай өзгеріс енгізілмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол үш тілді білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістерді де түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов қазіргі балалар 6 жастан бастап 1-сыныпқа баратынын айтады. 

"Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" дейді. Қазақстандықтар болашаққа ұмтылған ұлт болғандықтан, біз тек қана қазақ тілін емес, орыс пен ағылшын тілдерін де білу керек. Қанша тіл білсең, мүмкіндіктер де соншалықты көбейеді. Сондықтан біз үшін балалардың мектепте бірнеше тілді игергені маңызды. Бірақ бұл мәселе мен дидактикалық мәселені шатастырмау керек. Қазір балалар 6 жастан бастап 1-сыныпқа келеді. Алайда 1-сыныпта бірден үш тілде оқу балаға өте ауыр", – деді министр “Сұхбат” бағдарламасында. 

Министр ғылыми зерттеулерден кейін осындай қорытынды жасалғанын қосып өтті. 

"Бұл біздің ғана субъективті пікіріміз емес. Бала шет тілін игеруі үшін өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Өз тілінде оқып, жазып үйренген соң әрі қарай өзге тілдерді үйренуі оңай болады. Сондықтан мұның ешқандай астары жоқ. Нақты ғылыми негіздеме", – дейді Асхат Аймағамбетов. 

Оқу-ағарту министрінің сөзінше, келесі оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде әліппені оқып, жазып үйренеді. Ал орыс тілі 2-сыныпта, ағылшын тілі 3-сыныпта қосылады. 

"Орыс сыныбының оқушылары 1-сыныпта орыс тілімен қатар қазақ тілін де оқиды. Өйткені қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл біздің ағылшын тілінен алшақтауымызды, ағылшын тілін мүлде оқымаймыз дегенді білдірмейді. Үшінші сыныпта өтетін ағылшын тілінің сағатын көбейтіп жатырмыз. Сонымен қатар оқыту әдіснамасы да өзгертілуде", – дейді министр. 

Мектеп формасы жайлы концепция өзгеріске ұшырап жатқан жоқ

Министрдің айтуынша, 2016 жылы министрлік мектеп формасына қатысты бұйрық бекіткен. Бұл құжатқа сәйкес әр мектеп мектеп формасына қатысты дербес талаптарды енгізе алады. 

"Мектеп формасы жайлы концепция өзгеріске ұшырап жатқан жоқ. Яғни формаға ешқандай өзгеріс енбейді. Осыны ата-аналар білуі керек. Қазір әр мектеп формаға қатысты дербес талап енгізе алады. Мысалы, елде 7 500 мектеп болса, бұйрыққа сәйкес олар 7 500 түрлі форманы бекіте алады", – деді министр.

Асхат Аймағамбетов мектеп әкімшілігі форманы бекіткенде ұсақ-түйекке дейін мән беретінін қосып өтті. Сөзінше, мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы еркін таңдай алмай қалады. 

"Мысалы, кейбірі мынадай "ромба" пішіндес белгісі болу керек, түсі осындай деген секілді талап қояды. Мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы тек бір мердігерден сатып алуы қажет болады. Базардан еркін таңдай алмайды. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де тиімсіз", – деп мәлімдеді Аймағамбетов. 

Енді оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгеріске сәйкес формаға қатысты облыс мектептеріне ортақ бір ғана талап болады. 

"Облыс шеңберінде ортақ талап бекітілсе, бір мектептен екінші мектепке ауысқан бала қайтадан жаңа форма сатып алып жүрмейді. Өйткені облыс бойынша талап бірдей. Осылайша сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз. Әрі ата-аналар үшін мектеп формасы қолжетімді бола түседі", – деп түйіндеді Аймағамбетов. 

Талқылау