Оқшау сөздер дегеніміз не және оны қай кезде қолдану керек?

Тілімізде оқшау сөздерді жиі пайдаланамыз. Алайда оларды дұрыс пайдаланбай жатамыз. Оқшау сөздер деген не? Оның қандай түрлері бар? Бүгінгі материалда толығырақ тоқталамыз.

Оқшау сөздер үшке бөлінеді: 
1) Қаратпа сөздер
2) Қыстырма сөздер
3) Одағай сөздер.

Қаратпа сөздер - сөйлеуші тыңдаушының назарын өзіне аудару үшін қолданылатын сөздер. Көркем әдебиетте, әсіресе, поэзиялық шығармаларда қаратпа сөз жансыз заттарға қаратылып та айтыла береді.

  • Қаратпа сөз сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтір арқылы ажыратылады. Сөйлемнің басында келсе, одан кейін үтір қойылады. Мысалы: Марат, бері келші!. Ана, сен бақыттысың!
  • Қаратпа сөз сөйлемнің ортасында келсе, екі жағынан үтір қойылады. Мысалы: Кел, балалар, оқылық!
  • Қаратпа сөз сөйлемнің соңында келсе, алдынан үтір қойылады. Мысалы: Бері келші, Марат.

Қыстырма сөздер

Сөйлеушінің түрлі көзқарасына байланысты қолданылатын сөздер не сөз тіркестері қыстырма сөздер деп аталады. Қыстырма сөздер мағынасына қарай төмендегідей топталады:

1. Сөйлемдегі ойға сендіру мақсатындағы қыстырма сөздер: әрине, әлбетте, рас, шынында, шынын айту керек, жасыратыны жоқ, турасын айтқанда, әділіне келгенде, т. б.

2. Сөйлемдегі ойға күмән келтіру мағынасындағы қыстырма сөздер: сірә, мүмкін, шамасы, меніңше, қалай екені белгісіз, т.б.

3. Алдыңғы айтылған ойға қорытынды жасау мақсатындағы қыстырма сөздер: қысқасы, тоқ етері, демек, түйіп айтқанда, сайып келгенде, жалпы алғанда, т. б.

4. Көңіл күйге байланысты қыстырма сөздер: бәсе, бақытымызға қарай, амал не, өкінішке орай, сәті түсіп, т. б.

5. Ойды санамалап айту үшін қолданылатын қыстырма сөздер: ең алдымен, екінші жағынан, біріншіден, т. б.

Қыстырма сөздің тыныс белгісіүтір.

Егер қыстырма сөз:
- сөйлем басында келсе, үтір одан кейін;
- сөйлем ортасында келсе, үтір екі жағынан;
- сөйлем соңында келсе, алдынан үтір қойылады. 

Мысалы: Әрине, еңбексіз ер де, жер де көгермейді. Менің айтқандарымды ұмытып кеттің-ау, сірә

Одағай сөздер

Түрлі сезімді, көңіл күйді білдіру мақсатында айтылған сөз түрі одағай сөздер деп аталады. Одағай сөздерге байланысты тыныс белгісі – үтір. Сондай-ақ, көп жағдайда сөйлем соңы леп белгісімен аяқаталады. Мысалы: Па, шіркін! Керемет екен! Ертерек білмегенімді қарашы, әттеген-ай!

Логикалық көтеріңкі екпінпен айтылған одағай сөз үтірмен ажыратылып, сөйлем соңына леп белгісі қойылады.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр