"Оған тұрмысқа шығудың керегі жоқ": Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталғандардың тізімі жариялана ма
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталғандардың картасын жариялау жөніндегі ведомство жоспарына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: times.bntu.by
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында "Бас прокуратураның үлгісі бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапқа тартылғандардың картасы жария етіле ме? Мысалы, отау құратын бойжеткендер ер адамның тұрмыстағы зорлық үшін сотталғанын біле алады. Сәйкесінше оған тұрмысқа шығудың керегі жоқ" деген сауал қойылған.
Әкімшілік полиция өкілі бұл ұсынысты “қызық” деп бағалады.
"Бұл мәселе қаралып жатқан жоқ. Біз жеке деректер мен мәліметтер бар деп қана айтамыз. Жеке өміріне қатысты құпиялар бар және оны жария ете алмаймыз. Қызық ұсыныс, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталғандардың деректерін әзірге жариялауды жоспарлап отырғанымыз жоқ", – деді Зұлхайыров.
Еске салайық, бұған дейін сенатор Анна Асанова депутаттық сауал жолдап, жастарды өз бетінше өмір сүруге дайындау мақсатында мектеп бағдарламасына өмірлік дағдылар бойынша курстар енгізуді ұсынды. Ол отбасыдағы жанжал мен зорлық-зомбылықты жастардың “тұрмыстық өмірге дайын” болмауымен байланыстырған еді.