Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Нысана» театрының директоры: Ешкімге керек болмай қалатынымды білемін

Әбунасыр Серіков алғашқыда «Бауыржан-шоу» арқылы қалың көпшіліктің жүрегінен орын алды. Кейін түрлі театрларда өнер көрсетіп, осыдан 10 жыл бұрын «Нысана» атты әзіл ошағын ашқан болатын. Бүгінде аталмыш ұжымның шығармашылығы үнсіздікке тап болған. Ал, театр директоры «Келинка тоже человек», «Брат или брак?» атты толықметрлі отандық картиналарда басты рөлдерді сомдап жүр. Сонда «Нысана» әзілкештері тоқырауға тап болған ба? Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Әбунасыр мырза, көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап беруге дайын.

Сурет: Әбунасыр Серіковтың Instagram-дағы жеке парақшасынан

«Мен театр ашып, офисім Шымкентте болғаннан кейін кезінде талай киноларға шақырды. Бірақ, театрды ашқан соң, көтеріп аяғынан тұрғызу оңай нәрсе емес. Сондықтан да мен көп киноларға кейін түсемін деп жүрдім. Қазір енді «грыжамен» ауырып, қол сынғаннан кейін маған демалыс болып жатыр. Сондықтан да мен қазір көбінесе киноларда жүрмін», – дейді Әбунасыр мырза.

Иә, Серіков бүгінде қатерлі сырқатқа шалдыққан. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Нысана» театрының кезекті концертінде жүрген актердың, денсаулығы сыры бере бастаған көрінеді. Ауыр дерті жанына батқан Әбунасыр, сол сәтте-ақ әзіл ұжымының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты.

«Бізде күзден басталған концерттермен қыс бойы жүреміз. Менің «грыжам» асқынып кетеді. Қысты күні суықта жүруге болмайды. Бір жолы қыс мезгілінде массажға барып жүрдім де, кейін концертке шығып кеттік. Сол кезде қатты ауырғаным бар. Біз көбінесе гастрөлдік сапарларда көлікпен жүреміз. Суыққа көп шықсам қолдарымның барлығы тартылып қалады. Сондықтан қазір емделіп жүрмін. Ең бірінші денсаулық қой. Денсаулық болмаса ешкімге керек болмай қалатынымды жақсы білемін», – дейді «Нысана» театрының директоры.

Қазіргі таңда «Нысананың» өзге актерлары өзінше әрекет етуге көшкен. Ал, театр жұмысын тосыннан тоқтатқан басшының шешімін әзілкеш жігіттер қалай қабылдады?

«Қол астымдағы актерлар жұмысты уақытша тоқтатуыма қарсылық білдірген жоқ, ренжіген де жоқ. Жігіттердің барлығы қазір сериалдарда жүр. Содан кейін асабалық қызметтері бар. Сұраныс көп қой. Театрдағы жігіттердің өздерінің аттары бар ғой», – дейді өнер ошағының басшысы.

Сондай-ақ, Серіковтің сырқатына байланысты театрдың мерейтойы да атап өтілмей қалған.Естеріңізге сала кетсек, осыдан 2007-ші жылы «көңілді тапқырлар клубы» арқылы танылған жігіттерді жанына жиып, Әбунасыр әзіл ошағын құрған болатын.

«Биыл бізге 10 жылдық еді. 10 жылдықты жасауға да қолым тимеді. Оған дайындалу үшін Шымкентке баруым керек. Жоқ дегенде екі ай уақыт кетеді. Сырқатыма байланысты барлығы кейінге шегерілді. Инстаграмда да, қай жерге барсаңда сұрайды. «Нысана театрын сағындық, сағындық», – дейді. Енді Алланың өзінің бұйырған уақыты болады ғой. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», – дейді ғой. Құдай қаласа емделіп алайын деп отырмын», – дейді Әбунасыр Серіков.

Айта кетейік, Әбунасыр Серіков басқаратын ұжымның құрамы Дәнекер Оразбай, Абай Аязбаев, Нұрбол Айтулов, Жарас Ахметов және Мәди Төреқұлов сынды танымал «КВН» түлектерінен тұрады. Ал «Нысана» әзіл-ысқақ театрының көрерменмен қайта қауышатын уақыты әзірге беймәлім!

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Оқи отырыңыз:

Айнұр Тұрсынбаева: Жағдайы төмен отбасыларға берілетін киімдерді киіп өстім

Айнұр Тұрсынбаева: Желіге 15 мың теңгенің затын салсақ бәлеге қаламыз

Қазақстандық әнші саясаткерлердің есімдері берілген көшелер туралы ән айтты (видео)

Ерке Есмахан хитке айналған «Алло» әнін шырқай алмайтын болды

Талқылау