Нұрлыбек Нәлібаев: Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары сапалы аяқталуы керек
1 қыркүйек - Білім күніне небәрі екі апта уақыт қалды. Аймақта биыл 182 мың оқушы білім алмақ. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа оқу жылында балалар еш кедергісіз білім алуы қажет екенін алға тартты. Әсіресе, мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алды. Бүгін аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстарды көзбен көрді.

Биыл өңірдегі 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Бұл үшін бюджеттен 2,1 млрд.теңге қаржы бөлінген. №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барған облыс әкімі білім ордасының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Аймақ басшысы жыл сайын апатты мектептерді жойып, жаңа мектептердің желісі көбейтуге басымдық берілетінін айтты.
“Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Мектепке қомақты қаржы бөлінгендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалуы керек. Себебі оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы Үкімет басшысының тікелей назарында.
Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы бір апатты мектеп мәселесін жеке инвестор арқылы шештік. Жерлесіміз, меценат азамат өз қаражаты есебінен 550 млн теңгені құрайтын 100 орындық мектеп құрылысын бастады. Мұнан өзге, Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Өңір басшысы балалар жылына тарту ретінде демеушілер есебінен өңірде 80 спорттық ойын алаңы салынатынын жеткізді. Яғни Қызылорда қаласында 1 млрд.теңгеге 50-ге тарта, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорттық-ойын алаңы бой көтереді. Мұнан бөлек, демеушілердің қолдауымен аймақта 45 млрд теңгеге 391 жоба әзірленді. Ең бірінші кезекте ауыз су, электр жарығы, жол сапасы мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар келесі жылдан бастап іске асырылады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы негізінде зауытты іске қосу үшін биылғы жылдың 25 шілдесінде арнайы Штаб құрылғанын жеткізді. Мұндағы мақсат - зауытты іске қосу кезінде туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешу.

Өңір басшысы сала мамандарымен пікірлесіп, ауқымды зауытты іске қосу үшін қажетті шараларды жылдам қабылдау керек екендігін жеткізді.

“Шынын айтқанда, зауытты іске қосу процесі тым ұзап кетті. Бар мүмкіндікті пайдаланып, зауытты іске қосуымыз қажет. Бұған дейін уәде көп берілгенімен, нәтиже болмады. Халық асыға күтіп отыр. Сондықтан қалайда өндірісті аяқтауға тиіспіз. Аптасына екі рет штаб өткізіп, өзекті мәселелерді талқылау қажет. Бәрі де менің тікелей бақылауымда болады”,-деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, жоспар бойынша шыны зауытының бірінші өнімі қазан айында шығарылмақ.
Астанада параспортшылар федерация басшысына жалақысының бір бөлігін беруге мәжбүр болғанын айтты