Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындар саз кешіп, үйлердің қабырғалары жарылуда: ШҚО әкімі "Нұрлы жер" бағдарламасымен cалынған үйлер үшін кешірім сұрады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 28-ықшам ауданының тұрғындарымен кездесіп, кемшіліктерге байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдан бастап, Өскеменнің іргесіндегі 28-ықшам ауданында 50-ге жуық баспана салынған болатын. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлерді былтыр ғана пайдалануға берген. Өкінішке қарай, жаңа үйлердің астынан су шығып, іргетасы жарылып кеткен. 

Көктемгі қар суымен алысып, сергелдеңге түсіп сенделген тұрғындардың жанайқайы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың де құлағына жеткен сыңайлы. 

“Бүгін Өскемен қаласының 28 шағын ауданына барып, жағдайды бақылап қайттым. Онда ауқымды көлемде жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, 54 жобалық үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1000-нан астам жер учаскесі дайын. Барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйесі қарастырылған – жолдар, балалар алаңдары және басқа да абаттандыру нысандары. Көктемде жерасты сулары деңгейінің өсуіне байланысты мәселе туындағаны рас. Соған орай тұрғындардан кешірім сұраймын. Қазір арнайы құжаттар дайындалып, барлық қажетті жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан басқа, жағдай қайталанбауы үшін қосымша геологиялық зерттеулер де жүргізіледі. Қажет болған жағдайда суларды бұру технологиясы қолданылады”,  –  дейді аймақ басшысы. 



Оның айтуынша, алдағы уақытта мұнда мектеп, балабақша және аурухана салынады.

“Шағын ауданда мектеп, үш балабақша және жүз орындық емхана салу жоспарланған. Сонымен қатар, мен аудандағы үйлердің жобалары әртүрлі болуы үшін өзге жобаларды дайындауды тапсырдым. Қазірдің өзінде салынған 54 үй өте ыңғайлы әрі заманауи. Жақын арада бұл облыс орталығындағы ең перспективті аудандардың біріне айналары сөзсіз, – деп жазды Даниал Ахметов Facebook парақшасында. 

Ал, жергілікті тұрғындар әкім айтқан, "облыс орталығындағы ең перспективті аудан тұрғыны" атануға дайын екендіктерін жеткізді. Аталмыш ауданда дәл қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы кемшіліктерді маусым айының соңына дейін қалыпқа келтіреміз деп уәде берді. Шағын аудан мәселесінің қалай шешім табатынын алдағы уақытта тағы жазатын боламыз.

Еске сала кетсек, "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлердің сапасыз болып шыққаны туралы бұған дейін жазған едік. Өскемендіктер жарылған үйде тұрып, қызыл асықтан батпақ кешуден басқа амалдары жоқ екенін айтып, шағымданған болатын. 

Талқылау