Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында "Нұрлы жермен" үй алған тұрғындар дірдектеп отыруға мәжбүр екендерін мәлімдеді

Алматы облысының Көксу ауданында "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйдің құбырлары жарамсыз болып қалды. Соның салдарынан тұрғындар үйді жылытамыз деп пеш қосып, жарыққа белшеден қарызға батқандарын айтады. Ал әкімдік үйдің жылыту құбырлары дұрыс емес десе, үйді жобалаушылар барлық мәселе жылыту қазандығынан деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Балпық би ауылының тұрғыны Шалипа Нұрсағиева екінші топтағы мүгедек екенін айтады. Оған бағдарлама бойынша жаңа үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер кезегі бойынша берілген. Бірақ сол бір бөлмелі пәтер тастай суық дейді. Жылыту үшін пеш қосып, шығынға белшеден батып жатқандарын жеткізді.

“Жылытқыш қосып, 21 мыңға дейін жарықтың ақшасын төледім. 15 мыңнан кем емес, 17,19,20 мың бәленбай тенге шықты. Ал енді ваннаға түсу тіпті мүмкін емес. Қыстың күні жуына алмаймыз. Дәретке далада отырғандай боламыз. Ешқандай жылу жүргізілмеген”, – дейді Балпық би ауылының тұрғыны Шалипа Нұрсағиева. 

“Жіңішке 15 тік құбыр қойылғандықтан, іші мынаның бітеліп қала береді де, содан жылу жүрмейді. Төбесі ғана жылиды да, асты мүлде тастай болып тұрады. Сондай-ақ секциялары аз, аз батарея қойған біздің үйлер жылымайды. Мынаны ауыстырмайынша бізге жылу болмайды”, – дейді тағы бір тұрғын Бақытгүл Әскенбай. 

Ал үйді жобалаушы Серік Абдрахманов жылу құбырлары жіңішке емес дейді. Жоба бойынша, талапқа сай 20 диаметрлі жылу құбырлары салынғанын айтып, өлшеп те көрсетті. Оның сөзінше, 20 диаметрлі жылыту құбырына берілетін жылудың температурасы 90 градустан төмен болмауы керек дейді. Бірақ орталық қазандықтан жылу дұрыс берілмей отырғанын айтады.

“60, былтырғы қыста өлшегенбіз, 60 ақ градус болған. Егер 90 градус бермесе, онда не үшін жабдықтады”, – дейді ол. 



Ал әкімдік жылу тоқсан градуспен берілу үшін, ауа райы да суық болуы тиіс. Сондықтан жертөледегі жылыту құбырларының ауыстырылатынын жеткізді.

“Үй салқын деп тұр. Су асты құбырларының диаметрі жіңішкелеу болып тұр да, үлкен диаметрге ауыстырамыз. Қосымша қаражат, енді мердігердің өзінің кепілдемесі бар, сондай жұмыстарды жасап береді”, – дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Қалелов. 

Тұрғындар үйдің сырты ғана жылтырап тұр деп күйінеді. Тіпті пәтерлеріне дейін тартылып тұрған газ құбырлары іс жүзінде қосылмағанын айтады. Әкімдіктегілер 15 қазанға дейін жылу құбырларын ауыстырып, мәселені шешіп береміз деп отыр. 

Пайдалануға берілгеніне 2 жылда толмаған Көксу ауданындағы 50 пәтерлі бұл үй мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 550 млн теңгеге салынған. 50 пәтерлі үйде көпбалалы анадар, мүгедек жандар қоныстанады. 

Талқылау