Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іргетасы жарылып, керегесі қисайып қалған": Өскеменде "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлердің тұрғындары шағымдарын айтты

"Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлер тағы да сапасыз болып шықты. Бұл жолы мәселе Өскемен қаласында ушығып тұр. Қаладағы 28-ықшам ауданының тұрғындары үйлердің кілттері беріп жатқанда, қатты қуанғандарын айтады. Өкінішке қарай, олардың қуаныштары ұзаққа созылмапты. Енді қазір өскемендіктер жарылған үйде тұрып, қызыл асықтан батпақ кешуден басқа амалдары жоқ. Тұрғындарын назын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Ықшам аудандағы үйлерді әкімдік жеңілдетілген ипотекамен үй кезегінде тұрған отбасыларға былтыр ғана берген болатын. Алыстан қарағанда қызарып көз тартқанымен, сапасы сын көтермейтін болып шықты. 

“Үйлердің сапасына көңіліміз мүлдем толмайды. Сазды жерге салынғандықтан, іргетасы жарылып кетті. Ең сорақысы кірпіштерін де дұрыс жинамаған. Қисық. Төбесі де жұқа, қыста қырауланып кетеді. Үй іші дымқыл болғандықтан қырықаяқ пен қара шегіртке толып алды. Еденнің асты су. Ызғары сезіліп тұрады. Бұл қайта ең тәуірі. Басқалары бұдан да өткен”, - дейді қала тұрғыны Ербол Атаев.


Керегесі көгеріп, қабырғасы опырылып жатыр: Қарағанды облысының тұрғындары "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған үйдің сапасына шағымдануда


Тұрғындар мұнда жаңадан үй алып емес, өздері салып жатқандай күй кешудеміз дейді. Себебі олар жаңа баспаналарының есігінен бастап, пешіне дейін қайта ауыстыруға мәжбүр болған.

“Бәрін қайтадан өзіміз жөндеп шықтық. Тоқ жолдарын да өзіміз тарттық. Дайын үй деп ойласақ, қателесіппіз. 1 млн теңгеге пеш ауыстырдым. Есіктері жұқа, қораға орнатпаса, үйге жарамайды. Әкімдіктегілер әне жөндейміз, міне жөндейміз деп әлі жүр. Ақшасының бәрін уақытымен төлеп тұрмын. Қаражатыма сай үй ала алмадым, - дейді Ербол Атаев.

Бұл үйлер 2018 жылдан бастап салыныпты. Аумақта 54 үй бой көтерген. Бүгінде мұнда 30 отбасы көшіп келген. 

Үйдің кілті қолына тисе де әлі жаңа қонысына кіре алмай жүргендердің бірі Бақытжан Бекенов. Себебі баспананың іргетасы жарылып кеткен. Оның үстіне жол да жоқ. 

“Бұл үй тұруға жарамсыз болғандықтан қалада пәтер жалдауға мәжбүрміз. Үйді мемлекеттік бағдарламамен 13 млн теңгеге алдық. 19 жылға айына 74 мың теңге несие төлеймін. Үйдің сапасына көңілім толмайды. Егер басқа аудандағы баспана кезегіне қойып, ақшамызды қайтарып берсе, үйді қайтарып беруге әзірміз. Тіпті болмаса үйді жөндеп берсін. Құбыр жолдары жөнделмегендіктен бүкіл лас су үйімнің алдына ағып келеді. Қар суының астында қалдық. Жолымыз сияғы мынау, батпақтан көз ашпаймыз”, - дейді қала тұрғыны Бақытжан Бекенов.

Батпақ демекші осы жарылған үйге апарар жол да жоқ. Ми болып езіліп жатыр. Шарасыз қоршау темірге жармасып өтуге тура келді. Бір қарағанда баланың ойнындай көрінгенімен, жауын-шашындағы жалғыз жол осы. 

Аталған жерде мердігер компанияның өкілдері де жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. 

“Кемшіліктің бар екенін мойындаймыз. Қазір қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір шатырларын жөндеп, күн жылына сыртқы жұмыстарын қолға аламыз. Үйлердің 3 жыл жарамдылық мерзімі бар”, - дейді "Восток строй" компаниясының өкілі Мұрат Мұхтарұлы.

Дайындаған: Таунар Қайратұлы

Талқылау