Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда ішімдікке тойып алған әке екі айлық қызын соққыға жығып, бас сүйегін сындырған

Нұр-Cұлтан қаласында кішкентай қызының денсаулығына ауыр зақым келтірген әке ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қоғам белсендісі Дина Тәңсәрінің Facebook парақшасындағы мәліметке сәйкес, ер адам ішімдікке құмар көрінеді.

Жарының айтуынша, ер адам мас болса әйелін және бала-шағасын ұрып соғады екен. Ал бұл жолы ол небары екі айлық сәбиін жерге лақтырып жіберген. Бала жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлер бас сүйегі сынып, миына қан құйылғанын айтады. Ішімдікке сылқия тойып алған ер адам тіпті әйелі мен алты жасар ұлын да сабаған. 

Сондай-ақ қоғам белсендісі әйелдің бірнеше рет полицияға жүгінгенін айтады. Бірақ азамат ең көп дегенде бес күн ұсталған. Бұдай жағдай соңғы рет маусым айында болған. 

Баланың қырқынан шыққан сәби екенін қалалық полиция департаменті де растады.

"2 шілде күні сағат 22:47-де әкесі баласының денесіне зақым келтірді деген факт бойынша полицияға қоңырау түсті. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұрын да соттың шешімдерін елемеген ер адам бұл жолы қамалды. Тергеу барысы бақылауда", – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал баланың 2022 жылы мамырдың 4-і күні дүниеге келгені белгілі болды. Яғни бүгін, 4 шілде күні бала тура екі айға толған. 

Талқылау