Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда ер адам 15 күшікті қапқа салып, ыстық күннің астына тастап кеткен: Енді жануарларды азаптағандар түрмеге қамалады

Нұр-Сұлтанда ер адам 15 күшікті қапқа салып, ауызын буып, көліктің ішіне қалдырып кеткен. Ыстық күннің астында қалған күшіктерді жолаушылар байқап қалған. Ең өкініштісі, волонтерлер 15 күшіктің үшеуін ғана аман алып қалды.Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабаралайды.

Көшеге тасталған арыстан, тас лақтырылған итбалықтар, қылқындырылған ит. Жаз бойы еліміздің әр түкпірінен жануарларға жасалған қатыгез әрекеттер туралы хабарламалар келіп жатыр. Бірақ жауыздарға берілетін жаза қатаң болмай тұр. Жануарларға қатыгездік жасағандарға бар-жоғы 10 мың теңге айыппұл салынады. Ең көп дегенде - қоғамдық жұмыстарға жіберілуі немесе бір айға қамауға алынуы мүмкін. Заңгер Алена Дуля төрт аяқтыларды азаптауғандар мен өлтіргендер үшін қатаң жаза керек деп санайды.

"Менің ойымша, мұндай жағдайлар үшін 5 жылдан астам бас бостандығынан айыру жауапкершілігі болуы керек. Қатыгездікпен сипатталған жағдайлар үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру сынды ең төменгі шегі болуы керек", - деді Алена Дуля.



Жануарларды азаптау – бұл нашар тәрбие мен өмірлік қиындықтардың салдары, дейді белсенді Татьяна Острецова. Өз проблемаларын шеше алмайтын адамдар әлсіздерге күш көрсетеді.  Әсіресе, балалардың иттер мен мысықтарға қатысты осындай агрессияны көрсетуі қауіпті.

"Әсіресе балалар мұны жасаған кезде, бұл балалардың қаншалықты психикалық сау екендігі туралы айту керек, өйткені бүкіл әлемде мұндай балаларды есепке алады және бақылайды. Балалық шақта жануарларды азаптайтын адамның болашақта қылмыс жасауға бейімділігі дәлелденген", - деді Ақтөбедегі "Қамқор" жануарларды қорғау қоғамының президенті Татьяна Острцова. 

Атырау, Қарағанды ​​және Алматы қалаларында болған резонанстық оқиғалардан кейін белсенділер заңнаманы қатаңдату туралы сөз қозғады. Экология министрлігіндегілер жаңа нормаларға сәйкес қатыгез адамдарға аяушылық болмайтынын айтты. 

"Бұл заң жобасына қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде ветеринария, ӘҚБтК және қылмыстық кодекске өзгерістер енгізетін ілеспе заң жобасы әзірленеді. Сол жерде біз жауапкершілікті қатаңдату, тіпті бас бостандығынан айыру мәселесін қарастырудамыз", - деді ҚР экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Нариман Жүнісов.

Жаңа заң жобасының мақсаты – жануарларды азаптаулардан қорғау, қаңғыбас мысықтар мен иттердің санын реттеу, сонымен қатар азаптауды насихаттауға тыйым салу. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, бұл заң жобасы ерекше бақылауда және жыл соңына дейін Мәжілістің қарауына түседі.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2020 09:52
Талқылау