Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрмағанбетова: Қайырымдылықтан пайда көргісі келетін, ұйымдастырушыларды алдап кететін әншілер көп

Бүгінде Айжан Нұрмағамбетованың әріптестеріне деген өкпесі қара қазандай. Stan.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатта, өнер иесі әншілердің шынайы бет-пердесін ашты.

Әншінің сөзінше, осыдан біраз уақыт бұрын қайырымдылық кешке шақырылған қазақ өнерінің өкілдері, балалар үйіне тегін концерт беруден бас тартып, ата-анасынан айырылған бүлдіршіндердің көңіліне кірбің түсірген көрінеді. Ашуға булыққан Айжан ханым, әңгіменің әлқиссасын былай деп бастады.

«Бірде маған балалар үйінен хабарласып, сол күні сағат 18:00-21:00-дің арасында көп әртістер келіп, балалар үйінде концерт қояды. Сіздің уақытыңыз болса, 1-2 әніңізді айтып, шықсаңыз, жақсы болар еді деді. Мен сол күні сағат 20:30-да келдім. Бір өкініштісі, қайырымдылық концертке келген бірінші әрі соңғы әнші де мен болдым. 10 шақты әнімді бүлдіршіндерге айтып, билетіп, суретке түсіп қайттым. Менің таң қалғаным, қаншама әртістер уәде беріп, сөз беріп, балалар үйіне бармаса онда қандай қайырымдылық ол..?», – дейді Айжан Нұрмағамбетова

Дәл осы оқиғадан кейін, Айжан ханым әріптестерінің бұл қадамын зерттеуге көшіпті. Нәтижесінде жұлдыздар өздеріне жарнама жасалмайтын жерлерге аттап баспайтын болған.

«Өкінішке орай, біздің әртістеріміз афиша болмаса, жарнама болмаса, онда уақытымыз жоқ деп айтады. Ал, үлкен афиша жасап, теледидар түсіреді дегенде ғана жүгіріп барады. Ол дұрыс емес деп есептеймін», – дейді Нұрмағамбетова.

Нұрмағамбетованың бұл пікірімен «Меломендік» жігіттерде келісіп отыр. Өйткені, өнерпаздар мұндай оқиғаға талай мәрте куә болғандарын айтады. Ал, себебін серілердің өздерінен сұрап көрдік.

«Ондай жағдайдарды естіп жатамыз. Жаңағы, телевидение түсірмесе бармайды деген сияқты. Ондай жиі болып тұрады, көріп жатамыз. Өйткені, әншілер барғаннан кейін, үлкен деңдейде өткенін қалайды.

Соңғы жылдары қайырымдылық кеш деген «мода» болып кетті ғой. Қазір кез-келген адам жасай беретін болды. Бірақ қолымыз қалт етсе, қайырымдылық жасауға дайынбыз», – дейді «Меломен» тобының әншілері.

Игі шараларға қатысты былықтар мұнымен шектелмек емес… Мәселен, бүгінде Абай Бегей қайырымдылық кештерге қатысудан бас тартатын болған. Әншінің айтуынша, ұйымдастырушылар жиналған қаражатты жымқыруды әдетке айналдырған дейді.

«Егер ұйымдастырып жатқандар қалталарын ойлап, соның үстінен пайда көріп қалайын деп жатса, мен негізінде бармаймын.

Біреулер бар толық түскен қаражатты аударып береді. Ал, енді біреулер бар түскен ақшаның 30 немесе20 % алып қалады. Мен ондай жерлерге барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, мен соңғы кездері бірнеше қайырымдылық кештерге бармай қалып жүрмін», – дейді Абай Бегей.

Ал, Серікбол Сайлаубек әріптестері қызу талқыға салған бұл тақырыпқа қатысты қарама-қарсы пікірде. Әншінің сөзіне сенсек, қазақ әншілері арасында қайырымдылық кештерді жиі өткізіп, тыңдарманға тегін концерт беруден рекорд орнатқан жалғыз өнерпаз екен…

«Бүкіл қазақ еліне, оның ішінде ауылы мен қаласы бар, бөліп-жарып қарамай, бір 300-ден астам тегін концерттерімізді бердік.

Халықтың ақшасын емес, батасын жинадық. Өйткені, кейбіреулердің билет алып кіруге ақшасы бар болса, енді бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан, халықтың батасының арқасында жаман болып жатқан жоқпыз», – дейді әнші Серікбол Сайлаубек. 

Оқи отырыңыз:

Екі жолаушы Астанадағы көлік кептелісін ретке келтірді

Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына қазақ қызының есімі берілді

Ресей соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздестіріп жатыр

 

Талқылау