Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс прокуратураға жолданды: Бірақ марқұмның туыстары істі қосымша тергеуді талап етті

Гүл ұстаған қыз
Фото: Әлеуметтік желіден

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс прокуратураға жолданды. Алайды марқұмның туыстары істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен отбасының адвокаты Аянхан Омаров іс материалдарымен танысқаннан кейін көптеген кемшіліктерді анықтағандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тергеу тарапы бірқатар өтінішхаттарды мүлде қарамаған.

Осыған байланысты жәбірленуші тарап прокурорға жүгініп, істі қосымша тергеуге қайтарып, анықталған заңбұзушылықтарды жоюды сұраған. Алайда әзірге шағымдарына қатысты жауап алмаған. 

Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге үш бап бойынша айып тағылған:

  • аса қатыгездікпен адам өлтіру;
  • аңду (сталкинг);
  • некеге тұруға мәжбүрлеу.

Нұрайдың туыстары іс сотқа жолданар алдында соңғы екі бап айыптау тізімінен алып тасталуы мүмкін деп алаңдайды. Адвокаттың сөзінше, бұл істің әрі қарай қаралуына әсер етуі ықтимал.

Сондай-ақ отбасы істі ерекше бақылауға алып, күдіктіге тағылған барлық айыптарды сақтап қалуды сұрап, Бас прокуратураға жүгінген.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Назархан Уән
Жексенбі, 05 Шілде, 2026 13:28