Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нүкеноваға айына 4-5 миллион теңге аударып тұрған: Бишімбаев қанша табыс тапқанын айтты

Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелімен бірге тұрғанда айына 8 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл мәліметті Бишімбаев сотта жәбірленуші тараптың адвокатының сұрағына берген жауабында айтты. Экс-министрдің сөзінше, ресми айлығы 1 миллион теңге болған. Бірақ Бишімбаев кісі өлтіру орын алған мейрамханадан да табыс тауып отырған.

Сот отырысы барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Уразбахова сотталушының Салтанат Нүкеноваға ай сайын 4-5 миллион теңге аударып отырғаны туралы айтқанын еске алды. Ол одан жалақысының мөлшерін жариялауды өтінді.



“Ресми тіркелген жерімнен айына 1 миллион теңге жалақы алып отырдым. Бұл менің тұрақты жалақым. Ай сайынғы табысым мейрамхананың (Bau – ред.) табысына қарай 8-15 миллион теңге аралығында болды”, – дейді сотталушы.

Ол "Bau" мейрамханасына өзі иелік ететінін де түсіндірді. Бұл ретте оның анасы Альмира Нұрлыбековаға мекеме орналасқан Гастроцентрдің үлесі тиесілі болған.

“Демек әйеліңіз сіз иелік ететін мейрамханада қаза тапты ғой”, – деген адвокаттың сауалына Бишімбаев “Ия, онсыз да барлығы солай жазуда”, – деп жауап берді.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотта экс-министр әйелі өлім аузында жатқанда не себепті көріпкелке хабарласқанын түсіндірген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау