Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкен қателігім болды": Бишімбаев әйелі өлім аузында жатқанда не себепті көріпкелке хабарласқанын түсіндірді

Астанада әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Прокурор экс-министрден әйелінің ес-түссіз жатқанын көрген кезде жедел жәрдем шақырудың орнына не себепті көріпкелге хабарласқанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейінгі сот отырысында Бишімбаев Салтанаттың жағдайына алаңдап жедел жәрдем емес, көріпкел шақырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, “көріпкел досы әйелінің кешке қарай есіне жиятынын” айтқан. “Осы сөзді естігенде жеңілдеп қалдым", – дейді ол.

Осы сәтке қатысты сұрақты бүгінгі сот отырысында прокурор қойды.

“Ол (Нүкенова – ред.) ес-түссіз жатты. Оның соққы алып, қимылсыз жатқанын өзіңіз де айттыңыз. Ал сіз жедел жәрдем шақырудың орнына көріпкелге хабарласып бірнеше сағат күтесіз. Түсіндіріңізші”, – дейді мемлекеттік айыптаушы.



Бишімбаев бұл әрекетінің “үлкен қателік” болғанын атап өтеді.

“Бұл жайтқа қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Байжанов жедел жәрдем шақырайық деген кезінде мен көріпкелдің сөзіне сүйеніп кешке қарай оянады деп үміттендім және бір-екі сағат күте тұрайық дедім”, – деп ақталады күдікті.

Экс-министр сондай-ақ марқұм әйелінің стресстен кейін кейде 36 сағат бойы ұзақ ұйқыға кететін кездері болғанын алға тартады. 

“Ол қатты күйзелістен кейін кейде 24 сағатқа ұйқыға кететін. Мен мұны бірнеше рет байқағанмын”, – дейді Бишімбаев.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау