Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Норвегияда тұратын апалы-сіңлі Тараздағы мұрадан айырылып қала жаздады

Тараздық әпкелі сіңлі
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Норвегияда тұратын екі апалы-сіңлі әкесінің қайтыс болғанын кеш біліп, құжат рәсімдеудегі бюрократиялық кедергілерге байланысты Тараздағы мұрасынан айырылып қала жаздады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараз қалалық сотының мәліметінше, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап арызбен марқұмның екі қызы жүгінген. Олардың айтуынша, Норвегияда тұрақты тұратындықтан, 2024 жылдың қазан айында қайтыс болған әкесінің қазасы туралы тек төрт айдан кейін ғана білген.

Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу кезінде қиындықтар туындаған. Нотариус сенімхаттағы мұрагерлердің тегі ағылшын тілінде жазылғанын алға тартып, құжаттарды қабылдаудан және мұрагерлік құқығы туралы куәлік беруден бас тартқан.

Істі қарау барысында сот талапкерлердің марқұмның үшінші қызымен бірге бірінші кезектегі заңды мұрагерлер екенін анықтады. Басқа бірінші кезектегі мұрагерлер жоқ.

Жауапкер талап арызды толық мойындап, оны қанағаттандыруға қарсылық білдірмеген.

Сот талапкерлердің Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратынын, әкесінің қайтыс болғанын уақытында білмегенін және құжаттарды рәсімдеу кезінде объективті кедергілерге тап болғанын ескеріп, мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныды.

Сот шешімімен екі қыздың мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтіріліп, олар әкесінің мұрасын қабылдаған мұрагерлер деп танылды. Шешім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Шымкент тұрғыны анасы қайтыс болғаннан кейін мұрадағы өз үлесінен бас тартқанымен, кейін бұл шешімін психологиялық қысыммен қабылдағанын айтып, туған бауырлары мен нотариусты сотқа берген еді. Алайда апелляция кезінде тараптар медиация арқылы татуласып, талапкерге мұрадағы пәтердің бір бөлігі берілетін болып келісімге келді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 15:58