Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда белгісіз біреулер балалардың суретін жариялап, өшіру үшін ақша талап еткен

оқушы
Фото: Видеодан скрин

Қостанайда белгісіз біреулер балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желіде жаппай қорлап жатыр. Ата-аналар мұндай әрекетті тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап  хабарлайды. 

Белгісіз адамдар Telegram-да жергілікті балалардың суретін жариялап, оларды кемсітіп, ар-намысына тиетін сөздер жазған. Жазбаны өшіру үшін ақша сұрайды деген шағым айтылып жатыр.

“Балаларымызды Telegram-арналарға шығарып жатыр. Қыздардан ақша сұраған. Жарияланымдарды өшіру үшін ақша талап еткен”, – дейді ата-аналардың бірі.

Ата-аналар полициядан бұл істің артында тұрған адамдарды тауып, жауапқа тартуды сұрап отыр.

“Әкімшілерін тауып, жазаласын. Өйткені бұл – ашық түрде ақша бопсалау. Бір-екі адам емес, өте көп бала зардап шекті”, – дейді тұрғындар.

Оқиға белгісіз адамдар ашқан “Позор Костаная” атты Telegram-арнаға қатысты. Арнада жергілікті балалар мен жасөспірімдердің суреттері жарияланып, олардың ар-намысына тиетін түрлі жазбалар жазылады.

Ата-аналардың айтуынша, арнаға жазылушылар саны сағат сайын артып келеді. Қазір оның аудиториясы 2 мың адамнан асқан.

Мәліметке сәйкес, арна әкімшісі жарияланған жазбаны өшіруге келісетін көрінеді. Алайда ол үшін екі түрлі шарт қояды: жазбада аты аталған адам тағы бес бала туралы осындай материал жіберуі керек немесе ақша төлеуі қажет.

Талап етілетін сомалар әртүрлі. Ата-аналардың айтуынша, кей жағдайда ақша төлеген адамға жарияланымды жіберген адамның жеке деректерін де беруге уәде етеді.

Полиция бұл жағдайдан хабардар. Қазір оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.

Қостанай қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Қайрат Дәуренбековтің айтуынша, полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

“Қызметкерлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажет материалдарды жинап, тіркеп жатыр. Сонымен қатар аталған материалдарды жариялауға қатысы бар адамдар анықталуда. Осыдан кейін олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі”, – деді Қайрат Дәуренбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде жасөспірімдердің мектеп дәлізінде самокат теуіп, егде жастағы қызметкерді келемеждеп, күліп жатқан видеосы тарағаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 08:07