Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында жапан далаға салынған мектепке жету үшін балалар 3 шақырым жаяу жүруге мәжбүр

жол
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында ауыл балалары үшін жаңа мектеп салынды. Алайда оның елді мекеннен қашықтығы соншалық, оқушылар сабаққа жету үшін күн сайын үш шақырымнан астам жол жүруге мәжбүр. Ал мектепке апаратын жолдың жағдайы нашар болғандықтан, балаларды тасымалдайтын автобус та бөлінбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында ауыл балалары үшін заманауи, жарық әрі жайлы мектеп салынған. Бірақ білім ордасы ауылдың сыртындағы иен далада тұр. Елді мекеннен мектептің есігіне дейінгі қашықтық – 3 шақырымнан асады.

“Өте алыс. Арақашықтық – 3 шақырым 450 метр. Баланың жаяу баруы мүмкін емес. Жаяу барған күннің өзінде жолға бір жарым сағаттан астам уақыт кетеді. Оның үстіне қауіпсіз, асфальтталған жолмен жүрмейді”, – дейді тұрғын Данагүл Серікқалиқызы. 

Мектеп ауылдан қашық орналасып қана қоймай, оған апаратын жолға да асфальт төселмеген. Жергілікті тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Өйткені жол бойы жарықтандырылмаған. Ал ауылдан ұзап шыққанда қаңғыбас иттермен қатар жабайы аңдарға да тап болу қаупі бар.

“Тұман болады, басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Баланың өміріне қауіп төнеді. Жарық жоқ, ештеңе жасалмаған. Бұл – біздің қателігіміз. Барлық жағдай жасалмайынша, мектептің ашылуына жол бермеуіміз керек еді. Балалар теміржол бойындағы ескі мектепте оқи беруі қажет еді. Қазір балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап отырмыз”, – дейді тұрғын Жансейіт Ахатұлы. 

Тұрғындар алдағы күзде жауын-шашын күшейіп, артынша қыс түскенде қайтеміз деп алаңдап отыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мектепке ересектердің өзі әрең жетеді. Балалар үшін оның қаншалықты қиын болатыны түсінікті.

Ауыл тұрғындары биліктен оқушыларды мектепке тасымалдау үшін автобус бөлуді сұраған. Алайда бұл өтініш орындалмаған. Билік өкілдері мектепке апаратын жолдың жағдайы талапқа сай емес екенін алға тартқан.

Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқановтың айтуынша, мәселені аудандық білім бөлімі өз күшімен шеше алмайды.

“Ата-аналардың шағымы, соның ішінде балалардың мектепке қашықтыққа байланысты жете алмай жүргені туралы мәселелер тиісті органдарға жолданады. Қазір аудандық білім бөлімінде бұл мәселені өз күшімен шешуге мүмкіндік беретін тетік жоқ. Сондықтан осы мәселе бойынша облыстық білім басқармасына қайта ұсыныс әзірлеп жатырмыз”, – деді Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов.

Ақкөл тұрғындары мектепке апаратын жолды жөндеп, балаларды тасымалдауды ұйымдастыруды талап етті. Себебі оқушылар мектепке жету үшін күн сайын үш шақырымнан астам жол жүреді. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында балалар 2 жылдан бері дүкен ғимаратында оқуға мәжбүр екені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 08:26