Астанада салынып жатқан тұрғын үй аумағында кран құлап, бір адам қаза тапты
Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында құрылыс краны құлап, бір адам қаза тапты. Тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Qumash Telegram арнасының мәліметінше, оқиға Астананың Нұра ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Бұл жерде құрылыс краны құлаған.
“Оқырман суретті редакцияға жіберді. Айтуынша, Астананың Нұра ауданында салынып жатқан тұрғын үйдің аумағында құрылыс краны құлаған. Расталмаған ақпарат бойынша, зардап шеккен адам бар. Қазір тиісті органдардан түсініктеме сұралды”, – деп жазылған хабарламада.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі құрылыс кранының құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Оқиға салдарынан бір адам сол жерде қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Қазір оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", — деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның Қорғалжын тасжолында, №100 мектеп маңындағы салынып жатқан ғимараттың жанында болғанын нақтылады.
"Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары барды. Екі адам жарақат алып, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Бір зардап шегушінің жағдайы ауыр, екіншісіне стационарлық деңгейде қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", — деп мәлімдеді басқарма.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда құрылыс алаңындағы краннан бетон плита адамдар жүретін жолға құлап, тұрғын бір өлімнен аман қалған еді.
