Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2026 жылғы көктем мен жаз қандай болады: Ауа райынан не күтеміз

Қазақстанда 2026 жылғы көктем мен жаз қандай боладыФото: Freepik.com

“Қазгидромет” 2026 жылдың жылы кезеңіне – сәуірден қазанға дейінгі маусымдық болжамын ұсынды. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанда ауа температурасы көбіне нормадан жоғары болады, ал жаздың соңына қарай жауын-шашын тапшылығы күшейеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы сәуір

Сәуірде Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан шамамен 1 градус жоғары болады деп болжанған. Нормаға жақын көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында болжанды.

Жауын-шашын жалпы алғанда нормаға жуық болады, алайда батыста (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары), сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыста нормадан көп жауады (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, Жетісу облысы, ШҚО және Абай облысының оңтүстік-шығысы).

2026 жылғы мамыр

Мамырда температура елдің көп бөлігінде шамамен 1 градус жоғары болады. Нормаға жақын температура шығыс пен оңтүстік-шығыста, сондай-ақ кейбір орталық өңірлерде болжанған.

Жауын-шашын:

  • елдің басым бөлігінде – нормаға жуық;
  • нормадан аз – солтүстік өңірлерде (Қостанай, СҚО, Ақмола облыстары), сондай-ақ батыс пен орталықтың кей аймақтарында.

2026 жылғы маусым

Маусымда Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болады. Шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде нормаға жақын болады.

Жауын-шашын:

  • жалпы нормаға жуық,
  • нормадан төмен – Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Атырау мен кейбір орталық өңірлерде.

2026 жылғы шілде

Шілдеде температура негізінен нормаға жақын болады. Алайда батыс өңірлерде (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары) ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болуы мүмкін.

Жауын-шашын біркелкі түспейді, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста, шығыста және орталықта нормадан көп болса, батыс өңірлерде нормадан аз болады.



2026 жылғы тамыз

Тамызда Қазақстанның басым бөлігінде температура қайтадан нормадан 1-2 градус жоғары болады.

Жауын-шашын көбіне нормадан төмен, тек жекелеген өңірлерде (батыс, солтүстік және оңтүстік-шығыстың бір бөлігі) нормаға жуық болады.

2026 жылғы қыркүйек

Қыркүйекте температура елдің көп бөлігінде шамамен 1 градус жоғары болады. Нормаға жақын көрсеткіштер Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Қарағанды облысының басым бөлігінде, Түркістан мен Ұлытау облыстарының шығыс бөлігінде, Ақмола облысының оңтүстік-шығысында және Солтүстік Қазақстан облысының қиыр оңтүстік-шығысында болжанған.

Жауын-шашын негізінен нормадан төмен, тек кейбір солтүстік, шығыс және ішінара оңтүстік өңірлерде нормаға жақын болады.ек

2026 жылғы қазан

Қазанда да ауа райы жылы болады. Температура көп аймақта нормадан шамамен 1 градус жоғары болады. Жауын-шашын көбіне нормадан төмен, батыс пен оңтүстік-шығыстың жекелеген өңірлерінде ғана нормаға жуық болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жел күшейіп, кей өңірлерде шаңды дауыл болатынына байланысты 15 өңірге ескерту жасалғаны хабарланған еді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 13:50