Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұсақ-түйек мәселені айтады": Ақтөбе облысында әкім алдына келген тұрғынды кабинетінен жұлқылап қуып жіберген

Ақтөбе облысында әкім кабинетіне мәселе көтермек болып келген тұрғынды жұлқылап қуып шығарған. Ол өзін тұрғындардың мазалауынан шаршағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov.kz

Stan.kz тілшісі неліктен әкімнің мұндай әрекетке барғанын сұрады. Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр өзінің “Әкім қайда қарап отыр?” деген сұрақтан шаршағанын жеткізді. Ол өзіне құйтырқы істер жасап, арандатып жүргендердің барына сенімді.

Шенді кабинетіне келіп мәселе көтермек болған тұрғынды не үшін жұлқылап, қуып шыққанын айтып берді. 

“Әкім қайда қарап отыр?” деп шығады. Айналайын, қарындасым, басты қатырма дедім. Тап солай айттым! Сендер адамсыңдар, біз адам емеспіз бе? Алдым да жұлқылап шығарып жібердім. Мен-ақ тәрбие көрмеген адам бола қояйын. Бір емес, екі емес “үстеріңнен арыз жазамын” дейді. Мен де тәрбие көргенмін. Әке көргенмін, шеше көргенмін. Бала-шағам бар. Мен де сөйлей білемін. Сендер шектен шықпаңдар! Суреті жоқ, ештеңесі жоқ адам Instagram парақшасынан үнемі пікір жазып жатады. “Қала әкімі үйтпейді”, “қала әкімі бүйтпейді” деп. Алдым да жұлқылап, шығарып жібердім. Қайда барсаң онда бар дедім. Жұмыстан шығып кетсем де бәрібір. Отырайын сол сендер үшін сөз естіп. Былай қарасаң кіп-кішкентай қызсыңдар. Менің көргенімді көрген жоқсыңдар, не масқара! Жазам деді жаз дедім”,- деді әкім.



Лауазымды қызметкердің айтуынша, мәселе көтеріп жүргендер арасында арандатушылар аз емес. Мұғалжар өңірінің тумасымын деген шенді қала тұрғындарын жақсы білетініне сенімді.

“Мен өзім осы Қандыағаштың тумасымын. Кімнің кім екенін білемін. Жұмыс жасап жатсақ “мынау өтірік істеліп жатыр”, “ақша қайда кетті, “қоқыс ағылып жатыр”, “әкімшілік жұмыс істей ме, істемей ме” деген секілді арандатуға тартады. Мен “басымды қатырма” деп айттым. Қолынан жұлқып, кабинеттен шығарып жібергенім рас. Мәселе жоқ, мойындаймын. Ұсақ-түйек мәселені айтады. Арандатуға келді. Сондықтан алдым да жұлқылап шығарып жібердім. Біз істеп жатырмыз. Әкім екенмін деп әркімге сүмірейіп отыра беруім керек пе? Жазады екен, біреуге береді екен деп қорқып отырамы ба? Ол қалай сонда?”,- деп қосты Қазбек Аққайыр.

2024 жылдың 7 шілдесінде Қандыағаш қаласында әкім сайлауы өтті. Нәтижесінде 38 жастағы Қазбек Аққайыр сайланды.

Ол 2018-2022 жылдары Талдысай ауылдық округінің әкімі, 2022-2023 жылдары Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Қандыағаш қаласы әкімі қызметіне сайланғанға дейін Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ақпараттық-талдау бөлімінің бас инспекторы болып еңбек етті. 

Талқылау