"Хасанды босқа қаралап отырсыңдар": "Хутор" ауылының тұрғындары қазақстандықтарға үндеу жасады (видео)
Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғындары әуелі марқұмның отбасына көңіл айтты. Сөздерінше, халық “Хутор бандасының” басшысы делінген Хасанды босқа қаралап отыр.
“Бұл жағдай біздің ауылға өте қиын тиді. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді”. Кішкентай ауыл болған соң неше түрлі жағдайлар болып тұрады. Ауылымыз өте ұйымшыл. “Таяқтың екі ұшы болады” дейді. Сондықтан соңына дейін шыдау керек. Табысының бір бөлігін беріп отырған мейрамханалар болса, зарлай бермей, құқық қорғау органдарына барып арызын жазсын. Тексерсін, тексерген соң барып шуласын. Ол Хасан керісінше осы ауылдың тірлігіне, бірлігіне шапқылайды. Мектепке, мешітке көмектесіп жүрген баланы қаралап, марқұм Шерзаттың ісі айдалада қалды. Бәрі өшін ала алмай жүр ме? Хасанның інісі түрмеде отырған шығар. Ол өз жазасын алып отыр. Оны шұқылап, ол адамды ауру қылып тынатын болды. Дәлел бар ма, заңға беріңдер”, – деді ауыл тұрғындары.
Тұрғындардың сөзінше, дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеоны бүкіл халыққа көрсету керек.
“Диванда отырып алып, Хасан бүйткен, Хасан сүйткен” деп жаза бермей, келіп, дәлел бар ма көрсетіп, құзырлы органдарға беріңдер. Әрі қарай құқық қорғау органдары өзі тексеріп, зерттейді. Біздің ауыл ұйымшыл. Біз туралы жаман нәрсе айтып, қараламаңдар. Болар іс болды, бала кетті. Дүкеннің бейнебақылау камерасына түскен видеоны жария етсін. Халық не болғанын көрсін. Халық сол кезде сенеді”, – дейді тұрғындар.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен 16 жастағы жасөспірімді өлтіргендердің жергілікті "Бригада" немесе "Хутор" деп аталатын ауданнан шыққаны айтылған. Олардың сөзінше “хуторлар” бірнеше жылдан бері бүкіл қаланы үрейде ұстап келген.