"Ержан дегені жаназа күні түрмеден хабарласты": Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі "Хутор өкілдері" қалай қорқытқанын айтты
Алматы облысы Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан өлген 16 жасар жасөспірімге қатысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап жатыр. Желідегі ақпаратқа сенсек, Шерзат Болаттың қазасына "Хутор бандасының" өкілдері кінәлі. Сондай-ақ аталған қылмыстық топқа аудан әкімдігінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаевтың қатысы бар деген мәлімет пайда болды. Нақтырақ айтсақ, желіде Қасымбаевтың "хуторлық Хасан" деген атпен танымал қылмыстық тұлғаның туған бауыры екені жазылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
KursivMedia сайтының мәліметінше, осы ақпаратқа Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев жауап берді. Бидаев Аслан Қасымбаевтың Хасанға туыстық қатынасын растаған жоқ, жоққа да шығармады.
"Әлеуметтік желіде жазылып жатыр ғой, Хасан әкім аппараты басшысының бауыры деп. Бауыры болса, бауыры шығар. Бірақ бұл оқиғамен әрі қарай айналысып жатқан құқық қорғау органдары бар ғой. Сондықтан сұрақтарды сол кісілерге қою керек шығар", – деді Айбек Бидаев.
Оның айтуынша, Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып отырғанына екі жылдан асқан. Оған дейін Талғар ауданының Белбұлақ ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. Бұл ақпарат Талғар ауданы әкімшілігінің ресми сайтында да жазылған. Айбек Бидаев мемлекеттік қызметке тұрмас бұрын әрбір адам арнайы тексеруден өтетінін айтты.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінен өтіп барып, тек мемлекеттік қызметке келеді. Мемлекетке тексеруден өтпеген адам мемлекеттік қызметке келмейді. Қазір ауданда осы іс бойынша комиссия құрылды, штаб құрылды. ІІМ бірінші орынбасары ауданға келіп, осы штабқа төрағалық етіп отыр. Бұл сұрақтарды сол кісілерге қойсаңыз. Аслан Қасымбаев өткен жұма күні денсаулығына байланысты уақытша демалысқа кеткен, ертең жұмысқа шығады", – деді Бидаев.
Ал бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов “Jas Alash” YouTube-арнасына жағдайдың мән-жайын айтып берді.
“Қақтығыс 3 қазан күні кешкі сағат 23:26-да басталды. Тура дүкенді жабатын уақытта екі жігіт кіріп келді. Біреуі жастау, екіншісі үлкендеу. Оларды танымаймын. Үлкендеу жігіт мені әңгімеге тартып, аты-жөнімді, қайда істейтінімді, дүкенді қашан ашқанымды, қанша табыс табатынымды сұрады. Кейін ол шығып кетіп, жанындағы жігіт қалды. Ол “маған сыра бер” деді. Мен “жігіттер дүкен 23:00-ге дейін істейді, жауып жатырмын” дедім. Түсіндіріп айттым, болмай қойды, сосын беруіме тура келді. Ол “аударым жасадым” деп чек көрсетті. Мен “бауырым сен аударым жасаған жоқсың. Терминалды көрсетіп, түскен жоқ, түссе осында көрсетеді” дедім. Сосын жарайды, қоя берші, бәлесінен аулақ деп, ол жігітті шығарып салғым келді. Бір кезде телефонымды қуаттап алайын деді. 5 минутқа рұқсат бердім. Мен де ол уақытта түскен табысты есептеп, келген тауарларды орналастырып үлгерейін деп ойладым. Сол аралықта балам кіріп келді. Негізі ол кешкі уақытта келмейтін, бірақ сол күні телефоннын қуаттағышын ұмытып кеткен екен, соны алуға келіпті”, – деді марқұмның әкесі.
Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, Нұрбол деген адам келіп, өзін “Хутордың жігітімін деп таныстырған”. Тіпті Талғардың барлық қаласына өзі қарайтынын жасырмапты.
Фото: Видеодан скрин
“Әлгі жігіт телефонын қуаттап алған соң, өзіне қайтардым. Сол кезде ұлым оның менімен сөзге келіп қалғанын байқапты. Бір қарасам, сыртта онымен ерегесіп тұр екен. Дүкенге келген жігіт баламды шешесінен боқтаған, оған ұлым намыстанып, ұрып жіберіпті. Сол кезде ол жігіттің бетінен қаны ақты. Дүкеннен су алып шығып, бетін жуып берейін дедім. Ол жігітке бәрін түсіндіріп айттым. Жігітпіз ғой, өзіміз жігітше шешейік дедім. Ол жігіт қоярда қоймай бір адамға хабарласып, шақырды. Сол кезде көк Golf-пен Нұрбол деген жігіт келді. “Есімім Нұрбол, осы Талғарда “Хутордың жігітімін”, осы қаланың барлық жағдайына қараймын, мені танымайсың ба” деп айтты. Мен танымайтынымды айттым”, – дейді марқұмның әкесі.
Марқұмның әкесінің сөзінше, аудандық ішкі істер басқармасында 70-80% “Хутор” деген ауылдың жігіттері жұмыс істейді.
“Ол жігіттердің де туыстары – полиция. Нақты ешкімге жала жаппаймын. Бірақ ұлыма келген үлкен жігіт те полицияда жұмыс істейді екен. Жеті адам ұсталып, төртеуі ұсталмай тұрғаны да сол себепті. Ал екі әйел куәгер ретінде жүреді дейді. Менің оған көңілім толмайды. Екеуі оларды сатпау үшін ақша алып отыр ма, қорқып отыр ма, түсінбедім. Біреулер Хасанның жігіттері дейді. Ал мен Хасанның кім екенін білмеймін. Естуімше, Талғарға қарайды, банданы реттейді, біреулерге ақша береді. Оның әкімдікте істейтін ағасы да бар екен дейді. Қаладағы дүкен, мейрамханалардың бәрі оларға табысының бір бөлігін беріп отырады екен ғой. Олар менің жедел жәрдемде істейтінімді де біліп алыпты”, – дейді марқұмның әкесі.
Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, Талғарда “рэкет” сияқты қылмыстық топ бар. Оларды құрған әкімдік дейді.
“Басында маған “келіп, ақша сұрайды, сұрағанын бер” деп айтқан. Мен, “жарайды келсе беремін” дегенмін. Талғарда “рэкет” сияқтылар бар. Талғарда бәрін құрған “әкімдік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, Аудандық ішкі істер басқармасы”. Бұл жерде ешқандай әділдік ала алмаймыз, алынбайды да. Талғардағы полиция жемқорлыққа әбден бейімделіп алған. Жылда “Хутордың” өкілдері адам өлтіреді. Жәбір көргендердің жақындары үйге келіп айтып жатыр. Біреулердің тал түсте көзін ойып алған, біреуін атқан, біраз қыздарды зорлаған. Бала кезден білеміз, “Хутордан” бәрі қорқады”. Себебі олар шакал сияқты, пышақ сұғады, атады, артында ешқандай жазалау болмаған соң емін-еркін жүре береді. Бәрін ақшамен шешеді”, – дейді марқұмның әкесі.
Марқұмның әкесінің сөзінше, жаназа болған күні “Хутор бандасының” адамдары келіп, қорқытып кеткен. “Ұлыңның жанынан көріңді қаза бер деп айтты” дейді.
“Жаназа болып жатқан кезде маған біреу “заңгердің көмекшісімін, сізбен сөйлесемін деп жатыр” деді де, телефонын берді. Алсам, “түрмеден Еркошпын, жігіттердің ағасымын. Тыныш жүр” деді. Мен “соңына дейін барамын. Түрмеде болсаң әрі қарай отыра бер” дедім. Жаназаға келген жігіттер көңіл айтқан болып, сөйлесеміз деп бейітке алып кетті. Сөйтсем олар “Хутордың” жігіттері екен. Бейітті көрсетіп, “тыныш жүрмесең, балаңнын жанынан көр қазып дайындап қоюыңа болады” деп ескертіп кетті. Оларға қан төгілгенін қаламаймын, әділ шешіммен соңына дейін барамын деп айттым”, – деді марқұмның әкесі.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.