Интимдік жаттықтырушы ер адамның көзге шөп салуына әйелдерді кінәлады
Интимдік жаттықтырушы ер адамның көзге шөп салуына әйелдерді кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Бұл пікірді интимдік гимнастика жаттықтырушысы Асылгүл Жаңабайқызы Youtube желісіндегі "Шындық пен ақиқат" подкастында айтқан. Маманның пікірінше, көп жағдайда күйеуінің көзге шөп салуына жұбайы өзі кінәлі.
"Ойлану керек, бұл сабақ маған не үшін берілді? Күйеуіңнің көзіңе шөп салуы да – бір сынақ. Әлбетте, еркек адамның нәпсіқұмарлығын жоққа шығара алмаймын. Бірақ көп жағдайда әйелдің өзі тікелей кінәлі болады. Себебі "жәбірленуші" позициясын ұстанған ұтымдырақ", – дейді жаттықтырушы.
Сұхбатта маман өзіне жүгінген әйелдердің мысалдарын айтты. Сондай-ақ жаттықтырушы көп нәрсенің әйелдің өзін-өзі бағалауына байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, өзін үнемі басқалармен салыстырып отыру әйел адамға кері әсер етеді.
"Интернеттен блогерлерді қараймыз. “Неге олар күшті үй алып жатыр, мен неге жатырмын, анау менен әдемі” деп өзін салыстыра береді. Біз өз кезегімізде "өзін-өзі бағалау" сөзін "өз құндылығыңды білу" деп ауыстыруымыз керек. Әйел өзінің құнды екенін білу қажет", – деді Асылгүл Жаңабайқызы.
Еске салсақ, бұған дейін “орамалдылардан көңілім қалды” деген танымал блогердің хиджабын шешіп тастағаны туралы жазған едік.