Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 миллион теңгені қалай ала алады

Business.enbek.kz порталында 2024 жылдың 15 шілдесінде 2 ағын бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінімдерді қабылдау басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Республика бойынша екінші ағында 4 655 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Негізгі мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту. Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш (1 476 800 теңге) көлемінде болады. Әр қатысушы оны бір-ақ рет ала алады.

Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнесін ашуға, өндірісті дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет құжаттар тізімі:

  • Порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға келесі адамдар үміткер бола алады:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грант қаржысын қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Талқылау