25 жастағы қазақ қызы Германиядағы Mercedes-Benz компаниясына қалай жұмысқа тұрғанын айтып берді
Германияда Mercedes-Benz компаниясында 25 жастағы қазақ қызы жұмыс істейді. Шымкент қаласының тумасы Айшабибі Әшір – көлік саласындағы әлемдегі ең ірі компанияда электромашиналардың батареяларына зерттеу жасайтын маман. Ару Stan.kz тілшісіне Германияға көшіп, ірі компанияға қалай жұмысқа тұрғаны туралы айтып берді.
Фото Аишабибі Әшірдің жеке архивінен
“Астананың суығынан жылы жаққа кеткім келді”
Айшабибі 2021 жылы мектеп бітірген соң Астанадағы Назарбаев университетіне оқуға түскен. Ару Астананың суығынан жылы жаққа көшуді қалағанын айтады. Ал 2-курстан бастап магистратураны Еуропада оқуды армандаған.
“Кейін бакалавриатта оқып жүрсем де, Испания мен Италия туралы көп ақпарат іздей бастадым. Университтердің әлемдік рейтингіне қарап, Болоньяға таңдауым түсті. Европада оқу үшін ең бастысы ағылшын тілін білу қажет. Одан бөлек мектеп пен бакалавриаттағы бағаларыңыз орташа деңгейде болса, жеткілікті. Ielts тапсырып, қажет құжатты дұрыс жинасаңыз болғаны, мүмкіндік мол. Мен оқуға түскенім туралы ақпаратты құжат тапсырғаннан кейін 2-3 аптада білдім”, – деді Айшабибі.
Ару осы тұста отбасының да шетелде оқуына қолдау көрсеткенін тілге тиек етті. Ару алдымен Италияда білім алып, түрлі компаниялардан тәжірибеден өткен екен.
“Осылайша химиялық инженер мамандығында оқыдым. Магистратураның бірінші курсы кезінде бізде әртүрлі индустриядағы тұрақтылық (sustainability) жайлы лекциялар болды. Сол уақытта профессор менің автоиндустрияға қызығушылығымды байқады. 2022 жылдың жазында университетіміз Ferrari, Lamborghini, Ducati компанияларымен коллаборация жасап, инженерлерге арналған жазғы мектеп болатыны туралы хабарлады. Алайда мұнда тек ең мықты 40 адам ғана іріктеліп алынатын еді”, – деп қосты бойжеткен.
Айшабибі өзгелерден қалыспай өтініш білдірген. Нәтижесінде түйіндемесі мен сұхбаттасуы арқылы өзін жақсы жағынан көрсетіп, үздіктер қатарынан бір-ақ шыққан.
“Содан кейін 3 апта тегін үлкен сарайдай ғимаратта тұрдық. Аталған әлемдік компаниялардың инженерлері лекция жүргізіп, тәжірибе барысында алған білімді қолданып көрдік. Сол уақытта химик инженер ретінде маған электромашиналар мен батареялар туралы тақырып қызық болды”, – деді ол.
Фото Аишабибі Әшірдің жеке архивінен
“Mercedes компаниясынан шақырту бір аптадан соң келді”
Ару жазғы мектеп біткен соң универстетінен диссертацияға бағдар беретін профессор тауып, соның лабороториясында 6 ай тәжірибеден өткен. Осылайша диссертациясын сәтті қорғап, тағы 6 ай жұмыс істеген. Кейін көлік батареяларын зерттеуде неміс компаниялары қатты дамып жатқанын байқап, Германияға көшу туралы шешім қабылдаған.
“Германияға көшемін деп шешкен кезімде, осы жерде орналасқан әртүрлі автокомпаниялардың сайттарын қарап, өзіме сәйкес келген позицияларға түйіндемемді жібере бастадым. Әр үлкен компанияның мансап сайттары болады (career website). Сол жерде ұнаған жұмысыңызға өтініш тастап, сұрақтары бар болса, жауап бересіздер. Одан кейін көп ұзамай жауап келіп, өткен-өтпегеніңізді айтады. Өтсеңіз әңгімелесуге шақырады. Маған Mercedes компаниясынан интервьюге әңгімелесуге шақыру бір аптада келді. Бірінші сөйлесуіміз бір сағатқа созылды. Техниқалық бағыттағы сұхбаттасу болғандықтан жұмысқа байланысты түрлі сұрақтар болды. Бұдан соң араға үш күн салып екінші сұхбаттасуға шақырту келді. Ол 40 минутқа созылып, жеке мансап пен компанияға қызығушылық туралы сауалдар жолданды. Осылайша бір аптадан соң жұмысқа шақыру келді”, – деп баяндады бойжеткен.
Айшабибі қазір Mercedes компаниясында “Phd in battery development engineering” позициясында жұмыс істейді.
“Яғни мен мұнда жұмыс істеп жүріп, бір уақытта доктарантураны да бітіремін. Доктарантураның жақсы жері осы – уақытты толық Mercedes компаниясында өткізіп, жылына тек бір рет университетке профессормен кездесуге барамын. Менің міндетім зерттеулер мен әзірлемелер департаментінде, Mercedes-тің литті ионды батареяларын жақсарту”, – деп түсіндірді ару.
@aishabibiashir Slayed🙂↕️💅🏼 #яумамыинженер #шымкент #германия ♬ original sound - SPAZN
“Баға емес, тіл мен тәжірибе керек”
Айшабибі Германияға келгенде де үйренісу оңай болмағанын алға тартты. Айтуынша мұнда адамдар Еуропаның басқа елдеріндегідей жылы эмоциямен қарсы алмайды.
“Италияда тұрған 3 жылымда күлімсіреп жүрген адамдарға үйреніп қалыппын. Ал Германияда ондай болмады. Адамдар эмоцияларын көрсете бермейді. Италияда барлық жерден дәмді тамақтануға болады. Ал Германияда тамақтары дәмді жерді табу қиынырақ. Ол үшін алдымен адамдардан сұрап, тамақтанатын орындарды бағалауына қарап жақсы жер таңдау қажет. Тағы бір қиын тұсы – басында бюррократия болды. Себебі Германияда жұмыс істеу үшін виза алу қажет”, – деді Айшабибі.
Ару болашақта елге оралу туралы жоспары бар екенін де қоса кетті. Ал көпшілікке ең бастысы алға ұмтылуға кеңес берді.
“Келешекте алған тәжірибемді өз еліме әкеліп, елімізді ғылым және индустрия жағынан дамытқым келеді. Ал өзгелерге айтарым, ең бірінші тіл білу өте қажет. R&d инженер болғаным үшін Mercedes компаниясында маған неміс тілі қажет болмады. Бірақ ағылшын тілін білу өте маңызды. Әрине егер мансапты өсіріп, одан әрі даму туралы ойласаңыз, қай елдің компаниясында жұмыс істесеңіз, сол елдің тілін білген жөн. Шетелде оқып жүрген студенттерге айтарым, жұмысқа орналасуда бағаға қарағанда, тәжірибе маңыздырақ. Түйіндемені дұрыс құрастырып, әңгімелесуге жақсылап дайындалса, болғаны. Бастысы өзіңіз қалаған жолда сенімді болыңыз”, – деп қорытты Айшабибі.