Денесін шабаданға салып, жасырған: Сот БАӘ-де қазақстандық қызды өлтірді деген күдіктіге үкім шығарды
Біріккен Араб әмірлігінде қызды айуандықпен өлтірді деп айыпталған қазақстандық кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: smartik.ru
“НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің сөзінше, марқұм қорлық көрсеткен адамнан құтылу үшін Қазақстаннан кеткен.
"Ол қызды Біріккен Араб әмірлігінен тауып алып, әлеуметтік желілердегі геолокация бойынша бақылаған. Instagram-да "Не келесің, не мүлде өмір сүрмейсің" деп жазып жіберген. Оны пышақпен өлтіріп, денесін мазақ етіп, шабаданға салып, жалдамалы көлікпен айдалаға апарып тастаған. Сосын ол бес жыл бойы туыстарының үйінде жасырынып жүрген. Полицейлер оны әрең іздеп тапқан", – деп жазды ол.
Оның айтуынша, сот отырысында айыпталушы марқұмның мас болғанын және пышаққа өзі құлағанын айтқан.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың соңында Алматы тұрғыны әріптесімен корпоративтік кеште танысқан. Олар дос болып, араласып жүрген. Аз уақыттан кейін жігіт оны тауға апарып зорлаған.
Бойжеткен полицияға арыз жазып, БАӘ-ге кетуге шешім қабылдаған. Алайда қылмыскер оның ізіне түсіп, тауып алып, өлтірген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Дубайдағы қазақ қызы қалай жантүршігерлікпен көз жұмғаны анықталғанын хабарлаған едік.