Бишімбаевтың қорғаушылары сотты және процеске қатысушыларды шатастырмақ болды
Салтанат Нүкенованы айуандықпен өлтіргені үшін айыпталып жатқан бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы сотты және процеске қатысушыларды шатастырмақ болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бишімбаевтың қорғаушыларына сотты шатастырғаны үшін ескерту жасалды.
Адвокаттар Гастроцентрдегі VIP бөлменің суретін көрсетті. Алайда зардап шеккен тараптың адвокаты сотқа суреттің 2023 жылы 8-9 қарашасында емес, 2024 жылдың наурыз айында түсірілгенін айтып, қарсылық білдірді.
Судья Бишімбаевтың адвокаттарына сотты жаңылыстырғаны үшін ескерту жасады. Сондай-ақ суретті пайдалануға тыйым салды.
- "Оның өмір салты сондай болған": Бишімбаев келіншегін отбасылы еркектермен жүрген деп айыптады
- Бишімбаев алғаш рет сотта сөз сөйлеп, қылмысты қасақана жасамағанын мәлімдеді: Марқұмның анасының жүйкесі сыр берді (видео)
“Сот қорғаушы тарапқа, қорғаушыларға ескерту жасайды. Сіз бұл қылмыс болған жерді тексеру актісінен алынған фотосуреттер екенін көрсете отырып, сотты және процеске қатысушыларды адастырдыңыз, бірақ іс жүзінде сіз басқа фотосуреттерді көрсеттіңіз. Ал сотты адастырғаныңыз үшін сот іс бойынша түпкілікті шешім қабылдаған кезде тиісті шараларды қабылдайды”, – деді сәрсенбі күнгі сот отырысында судья Айжан Құлбаева.
Анықталғандай, Бишімбаевтың адвокаттары сот процесінде пайдаланған фотосуреттер 2024 жылдың 28 наурызында түсірілген, оқиғаның өзі 2023 жылдың 9 қарашасында болған.
Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотталушы қайғылы жағдай орын алған күннің қалай басталғанын айтып берген.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.