Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қатты бораннан 3 мыңнан астам үй жарықсыз, сусыз қалды

Ақтөбеде ақтүтек бораннан бірнеше ықшамаудан су мен жарықсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Қатты жел үйлердің шатырын ұшырып, электр сымдарын үзіп кеткен. Қауіпсіздік мақсатында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарында сабақ тоқтатылып, оқушылар боран басылғанша онлайн оқуға көшірілді.

Жел екпіні секундына 30 метрге жеткен. Синоптиктер бұл солтүстік атлант циклонының әсері екенін айтады. Маманда боран жұмаға дейін басылмайды деп болжауда.

Облыс орталығынан шығатын жолдың бәрі жабылып, Ақтөбенің шет жағындағы ықшамаудандарға автобус қатынасы тоқтады.

"Қаланың бүкіл бағытындағы жол жабық. Автобустарды да тоқтатып тастадық. Қаланың ішінде ауа райы осындай, тұрғын алаптарда ешқандай жол, метр жер де көрінбейді”, – дейді Ақтөбе автомобиль жолы және жолаушылар тасымалы, ТҮКШ бөлімінің басшысы Болат Серіков

Қираған төбе жабындысы мен сынған ағаштың астында қалған көліктер де бар. Ал түннен бері үш мыңнан аса шаңырақ жарықсыз отыр. Электр сымдары үзіліп, оны жалғау үшін монтерлерге ақтүтек бораннан бағанаға шығудың өзі қиындық тудыруда.

"Қатты желден сымдар бір-біріне тиеді де сөнеді. Изоляторды бағанаға басып тигізіп, жел бағыты кесе-көлденеңі соғып тұр, оңтүстік батыстан соққан жел кері әсерін береді. Табиғат құбылысына ештеңе істей алмаймыз”, – дейді  "Энергосистема" ЖШС бас инженері Асқар Бектұрғанов.

Жарығы жоқ ықшамаудандар мен тұрғын үй алаптарында су да жоқ. Себебі, су қоймаларында сорғылар электрмен жұмыс істейді. Ал мектептен бастап колледж бен жоғары оқу орындарында бүгін сабақ онлайн өтіп жатыр. Оқушылар мен студенттерге үйден шығуға тыйым салынды. Құтқарушылар қарлы боранда далада қалған жолаушылар көбейгенін айтады. Таңнан бері 150-дей адам қар құрсауынан шығарылып жылы жерге жеткізілген.

Ақтөбенің әуежайы уақытша жұмысын тоқтатты. 

Талқылау