Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 жасында президент әкімшілігінде қызмет еткен: Еліміздің жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов туралы не белгілі

6 ақпанда Amanat партиясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Нәтижесінде президент оның кандидатурасын мақұлдап, үкімет басшысы лауазымына тағайындады. Жаңа премьер-министр туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің материалында. 

Фото: Ақорда

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматыда дүниеге келген. Мамандығы – заңгер. 

Олжас Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған кезде қандай өзгерістер болды

  • Орталық аппараттағы және өңірлердегі персоналдың дүрбелеңі (аумақтық департаменттердің барлық басшылары ауыстырылды);
  • Ішкі қауіпсіздік саласында жауапкершілікке тартылғандар саны артты, 1 жылда 100-ден астам қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың 9-ы сотталды;
  • 650 миллиард теңгеден асатын активтер (мүлік, компаниялар, ақша) қайтарылды. Бұл ақшаға мектептер мен балабақшалар салынып жатыр. Қазірдің өзінде Қаржы министрлігі жанындағы арнайы қорға 120 миллиард теңге (шамамен 30-40 мектеп) аударылған;
  • "РОП оператор" жағдайы; 
  • Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдының істері; 
  • Нұрлан Мәсімовтің ісі;
  • Квазимемлекеттік компаниялардағы (Самұрық-Қазына, ҚТЖ) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар. Көптеген заң бұзушылықтар анықталып, қылмыстық істер қозғалды;
  • Жұмысқа "Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы" енгізілді. Онда жемқорлыққа жол берілген аймақтар бар және қазіргі қызмет оларға жіті назар аударуда;
  • "Іскерлік жол" жобасы алдын алу арқылы 6 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетті. Экономиканың нақты секторының жүйелі мәселелері жергілікті жерде шешілуде;
  • Франциямен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды;
  • "Негізсіз баю" туралы заң қабылданды;
  • Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі алынып тасталды.

Бектеновтың ескертулері

2020 жылы "Антикор" төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Олжас Бектенов қазақстандық шенеуніктердің туыстарына шетелде банк шоттарын ашуға неліктен тыйым салынбағанын айтқан еді. Аталған мәселе көтерілген соң шенеуніктер мен депутаттарға шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын заңға президент Тоқаев қол қойды. 

“Біз нарықтық қоғамда өмір сүреміз. Мемлекеттік қызметкерлердің әйелдері бизнеспен немесе басқа да нәрсемен айналысып жатады.Шетелге шығу қажеттілігі тууы мүмкін. Егер біз оларға шектеу қойып тастасақ, талап тым қатал болып кетуі мүмкін. Біз бірінші қадамды жасадық. Шенеуніктерге шетелде шот ашуға тыйым салынды. Әрі қарай тәжірибеге қарай көре жатамыз”, – деді Бектенов. 

2022 жылдың ақпанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне Олжас Бектенов келді. Ол төраға қызметіне тағайындалған соң елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелерін қолға алды. 

“Президент мемлекеттік органдардың елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тиімді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты қатаң сын айтты. Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық”, - деді Олжас Бектенов.

Осы орайда ол Антикордағы барлық бөлімше басшысына жол құрылысы мәселесі бойынша дереу егжей-тегжейлі ақпарат беруді тапсырды.

"Біз барлық ірі мердігерді және олардың артында тұрғандарды білеміз. Республикалық және жергілікті жолдарды салу кезіндегі анық қателіктер туралы ақпарат бар. Басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселеде тәртіп орнатамыз. Бұл ретте адал бизнестің жұмысына араласуға жол беруге болмайды", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бектенов Антикор төрағасы қызметінде жүрген кездегі сұхбатында өзіне пара ұсынғандар болғанын айтты.

"Әрекеттер болды, жасыратын ештеңеcі жоқ, бірақ бастысы өзіңізді заң бойынша әрекет етуге үйрету керек. Содан кейін орта да үйрене бастайды. Әрекеттер болды, оларды қатаң түрде тоқтатасың. Содан кейін адамдар бұл мәселеге жақындамаған дұрыс екенін біледі", - деген еді Бектенов. 

Сонымен қатар шенеунік сұхбатында қызметте жүргенде кез келген шешімге дайын болу керек екенін жеткізді. 

"Менің ойымша, өзің үшін таңдау жасасаң, мемлекеттік қызметте, жоғары саяси мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істесең, осындай жүктемелер мен шешімдерге моральдық тұрғыдан дайын болуың керек. Егер мемлекеттік қызметте жұмыс істесең, осы міндетті өз мойнына алсаң, жұмыс істейсің, шешім қабылдайсың, тіпті ойланбайсың", - деген болатын Бектенов.

Сондай-ақ Олжас Бектенов 2023 жылы Қантар оқиғасын тергеу туралы сөз қозғаған еді. Айтуынша, оқиғалардың ретсіз әрі кең таралғаны тергеу барысына қиындық тудырған. 

"Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дені азаптау ісі бойынша жауап беріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 432 қылмыстық істі тергеді. Оларды тергеуге агенттіктің ең тәжірибелі тергеушілері тартылды. Негізгі қиындық – оқиғалардың ретсіз және жаппай болуы. Арызданушылар бетперде мен каска киген полицейлерді көрсетті, яғни олар азаптағандардың жүзін де көрмеген. Есімін де білмейді. Тергеуге көптеген бейнебақылау камеларының жұмыс істемеуі де кедергі болды. Сотмедициналық сараптамасы 344 адамның қатысуымен жүргізілді. Нәтижесінде 239 адамның дене жарақаттарын алғаны анықталды", – деді Бектенов.

Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарын сайлау туралы: Қолдау білдіру керек

2023 жылдың 19 наурызында Қазақстанда мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. "Антикордың" сол кездегі басшысы Олжас Бектенов сайлауға жалғыз келді.

"Менің отбасым алдын келіп дауыс берген еді. Жұмыстан енді босадым. Елімізде болып жатқан үдерістерге қолдау білдіру керек деп есептеймін. Бәріміз мемлекетте әділ құрылым орнатылатынына сенеміз", – деді Олжас Бектенов.

Еңбек жолы

  • Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
  • 2005-2006 жылдары премьер-министр кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшы қызметтерін атқарған.
  • 2006-2009 жылдар аралығында, яғни 26 жасынан бастап президент әкімшілігінде жұмыс істеді. 
  • Бектенов 2009-2012 жылдары Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің орталық аппаратында департамент бастығы қызметін атқарды.
  • 2015-2016 жылдары Президент әкімшілігіне қайта келіп, Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, президент әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі болды.
  • Ал 2016 жылдан бастап Антикорға келіп, 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарды.
  • Сонымен қатар 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.
  • Ал 2022 жылдың ақпанынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. Ол бұл қызметті 2023 жылдың сәуіріне дейін атқарды.
  • Содан кейін мемлекет басшысының 2023 жылғы 3 сәуірдегі жарлығымен президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
  • 2-дәрежелі "Айбын" (2014 ж.), 2-дәрежелі "Даңқ" (2021 ж.) ордендерімен марапатталған.

Еске салайық, 2024 жылы 5 ақпанда Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Премьер-министр міндетін уақытша Роман Скляр атқарады. 6 ақпан күні сағат 15:00-де Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісінің жалпы отырысына қатысады.

Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейін премьер-министр қызметін Әлихан Смайылов атқарды.

Талқылау