Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарда жалаңаяқ жүгірткен: Ақтөбедегі балабақшада түсірілген видео қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде қарда жалаңаяқ жүгіріп жүрген балалар түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Видеo қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Видеодан жеңіл киінген және жалаңаяқ бір топ бүлдіршіннің қарда жүгіріп жүргенін көруге болады. Кейіннен аталмыш видео Ақтөбедегі №40 "Балдәурен" балабақшасының ресми парақшасында жарияланғаны анықталды.

"Мектепке дейінгі ұйымдағы денсаулық сақтау технологиялары. Назарларыңызға шынықтыру тобын ұсынамыз. Тіпті біздің әдіскер де қарда жүгіріп жүр", – делінген видеоның астындағы жазбада.

Ақтөбе облысының білім басқармасы №40 "Балдәурен" балабақшасы 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын мәлімдеді. Басқарманың мәліметінше, балабақшадағы мұндай шынықтыру тобы 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Топ ашылған 30 жыл ішінде тыныс алу жаттығулары, аяқты әртүрлі температурадағы сумен жуу, аяқ массажы, ұзақ жуу және басқа әдістерді қамтитын шынықтыру жүйесі әзірленді. 2020 жылға дейін шынықтыру сабақтары "Күн, ауа және су барлық ауруға қарсы" вариативті бағдарламаға енгізілсе, 2022 жылдан бастап бұл бағдарлама қосымша ақылы қызмет көрсету бағдарламасы болып өзгерді. Балаларды тіркеу ата-аналардың өтініші бойынша жүзеге асады", – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Ресми мәлімет бойынша, балабақшада 372 бала тәрбиеленіп жатыр.

Талқылау