Алматыда бардың күзетшісінен зорлық көрген келіншектің адвокаты іс сотқа жеткенін мәлімдеді
Алматыда бардың күзетшісінен зорлық көрген Ұлжанның ісін Алматы қаласының прокуратурасы сотқа берді. Мұны жәбірленушінің адвокаты Жанна Мұхамади мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокуратура айыптау актісін жасап, істі сотқа жіберді. Жанна Мұхамади әріптесі Әлия Омаровамен сот отырысына дайындала бастағанын айтады. Айтуынша, іс сотқа жеткенше, қаншама тер төгіліп, көз жасы аққан.
“Бұл қуанышты оқиға сияқты көрінеді, бірақ қуануға күш-жігер жоқ. Ұлжанның қаншама көз жасы төгіліп, қанша уайым-қайғыны басынан өткергенін, қаншама қажыр-қайраттың, ұйқысыз түндердің кеткенін ешкім білмейді. Әрбір зорлықшылардың жазасын беру үшін оның артында ешкім көрмейтін және ешқашан білмейтін орасан зор күш жатыр”, – деді Мұхамади.
Ұлжанның ісі ұзақ уақыт бойы тіркелмеді, тіпті полицейлер оған ісін қайтып алуға үгіттеген. Жәбірленушінің қорғаушысы тергеуші бірнеше рет ауыстырылғанын, намысқа тиетін және бітпейтін сұраулар мен кездесулер, сот-медициналық сараптамалар болғанын айтады.
“Күдікті пышақпен қорқытып, Ұлжанға жантүршігерлік әрекеттер жасауға мәжбүрлеп, соны видеоға түсіріп алған. Тергеу әрекеттері кезінде ол жыныстық қарым-қатынас ерікті болғанын дәлелдеу үшін сол видеоны көрсетті. Алайда ол жерде мәжбүрлеу болғаны анық! Жәбірленушінің киімдері жыртылған. Видеоны неге түсірдің дегенде, менің үстімнен кейін арыз жазбасын деп істедім дейді. Логика қайда? Сонда Ұлжанның жарақаты қайдан пайда болғанын және оны неліктен пышақпен қорқытқанын күдікті әлі түсіндіре алмай отыр”, – деді белсенді адвокат.
Алайда подъезде камера болмапты.
“Бұл күндері Ұлжанның қалай қиналғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын, шынымен де қорқынышты. Тамыз айының ортасында аудан прокурорымен кездесу болды, күдікті ол кезде бостандықта жүрген. Ұлжан осы кезде қалай қорыққанынан үйден шығудан қалды, жан-жағына қарап, жазда толық жабық, жеңі ұзын күрте мен шалбар киіп, толығымен оранып жүрді. Үнемі бүркеніп отырушы еді, қатты дірілдеп кетті. Себебі зорлықшы оны өлтіріп кетеді деп қорықты. Әлияға күнде қоңырау шалып, күдікті ұсталды ма деп сұрайтын”, – деді ол.
Айтуынша, күдікті өте ірі денелі кісі, ол әртүрлі барда күзетші болып жұмыс істеген, үнемі өзімен бірге пышақ алып жүреді екен.
Сонымен қатар сот оны небәрі 10 тәулікке қамауға алды, бірақ істің сараптамасы әлі аяқталмаса да, ол бостандыққа шыққан.
“Ол кезде тергеуші ауысты, аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы мүлде өзгерді. Біз бәріміз көптеген сараптамалардың қорытындысын күттік. Осы уақытта күдікті басқа барда ер адамды тонап үлгерген. Жедел іздестіру кезінде анықталып, қамауға алынды. Желтоқсан айының соңында ғана барлық сараптамалар аяқталып, іс бойынша дәлелдер жинақталды”, – деді маман.
Алайда Жанна Мұхамади Ұлжанға қысым көрсеткен екі полицейдің жазасыз қалғанына ашулы.
Еске салсақ, Алматыда бардың күзетшісі келіншекті зорлады деп айыпталған еді. Алайда көпке дейін оның арызы қабылданбай, жәбірленуші президентке үндеу жолдаған.