Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың ойыны" деп істі жаба салды": Астана тұрғыны лагерьге жіберген 11 жасар ұлына зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғанын мәлімдеді

Ақмола облысындағы лагерьлердің бірінде 11 жастағы оқушыға қатарласы мен 14 жастағы жасөспірім жыныстық зорлық сипатындағы әрекеттер мен буллинг жасаған. Баланың анасы ұлының “мені зорлады” дегенін естіп, жағасын ұстағанын айтады. Басқа жасөспірімдердің көзінше оқушыны мазақ еткендерге заң “балалардың ойыны” деп ешқандай шара қолданбапты. Шарасыз қалған ата-ана анонимді түрде Stan.kz тілшісіне мән-жайды айтып берді.

Сурет pexels-тен

Астаналық Сәуленің (кейіпкердің аты өзгертілген) айтуынша, оқиға орын алған кезде ұлы 11 жаста болған. 

“Лагерь туралы әлеуметтік желіден білдім. “Кемел” лагерінің екі орталығы бар екен. Біреуі Алматыда, екіншісі Бурабай қаласында орналасқан. Желідегі лагерь туралы жақсы пікірлердің көп екенін көріп, сапасына күмән келтірмедім. Осылайша алғаш рет ұлымды сонда жібергім келді. Сөйтіп дүйсенбі күні баламды бір апталық демалысқа өзім әкеліп тастадым”, – деді Сәуле. 

Астаналық тұрғынның айтуынша, сол күннен бастап ұлымен күнде кешкісін хабарласып сөйлесіп тұрған. Лагерь қызметкерлері балаларға телефондарын тек кешке 15 минутқа отбасымен сөйлесу үшін берген екен. Басқа уақытта жинап алып отырған.

“Бейсенбі күні сөйлескенімізде балам маған мұнда ұлдардың өзін зорлағанын айтты. Бұл жаңалықтан соң мен құр отыра алмай барлығына хабарласып, шу шығара бастадым. Ал олар мұның жалған екенін айтып ақтала бастады. Келесі күні таңертең жолға шығып кеттім.  Бара сала ұлыммен және әкімшілік қызметкермен сөйлестім. Лагер қызметкерлері олардың осылай ойнайтынын айтып, қорқатын ештеңе жоқ деп сендірді. Сонда жасөспірімдер арасында мұндай ойындардың болуы қалыпты жағдай ма? Баламмен бір бөлмеде тұрған 11-14 жастағы жасөспірім оған жыныстық сипаттағы азғындық көрсеткен. Яғни жыныстық қатынас әрекеттерін имитациялаған”, – деп қосты ата-ана. 

Сәуле ұлымен сөйлескеннен кейін мұндай қысымдардың біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқанын білген. Үлкендер тарапынан қысым көргендіктен 11 жастағы оқушы өзін басқа бөлмеге ауыстыруын өтінген. Ал шыдамы таусылған кезде ол бар шындықты анасына айтқан.

“14 жастағы жасөспірім өзге ұлдардың көзінше, менің ұлыммен жыныстық қатынасқа түскенін айтып мазақ еткен. Ал ұлым өзіне бұлай істеуге ешқашан келісім бермегенін айтады. Ол қарсылық білдіріп, өзіне тиіспеулерін өтінген. 

Ұлымның өзі жасы 11-де болғандықтан түсінбей, мұны зорлау екен деп ойлаған. Алайда олар кәдімгі азғындық әрекеттерін жасаған. Жыныстық қатынасқа түспесе де сондай әрекеттерді иммитациялап көрсеткен. Олардың ерте жастан осындай дүниелер жасауы қатты алаңдатты. Егер үндемей жүре бергенінде шынымен зорлайтын еді”, – деп қосты Сәуле.



Болған оқиғадан соң Сәуле ұлын алып бірден Шучинск қаласының ішкі істер бөліміне барып, арыз жазған. 

“Полиция бөлімі алғашында арызды қабылдағысы келмеді. Күні бойы бөлімшеде болдық. Олар бізге мұндай жағдайда ешқандай заң жоқ екенін айтып, бастарын ала қашты. Жыныстық қатынасқа түскен болса ғана іс зорлық бойынша қаралатынын айтты. Ең болмағанда балаларға дұрыс бақыламаған лагерь қызметкерлерін тергемеді. Істі “жасөспірімдер ойыны” деп жауып тастады. Тіпті сол екі баланың ата-анасы дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жазаға тартылуы керек еді. Ешкім жауапкершілікке тартылмады”, – деді ол.  

Нәтижесінде Сәуле “Не молчи” қорына шағымданған екен. Айтуынша, осы уақытқа дейін ешкім ұлынан да өзінен де кешірім сұрамапты. Ал лагерьдің санитарлық эпидемиологиялық тексеріс құжаты мен өрт қауіпсіздігі бойынша келісімі жоқ екенін және Бурабайда шағын кәсіпкерлік ретінде тіркелмегенін кейін білген.

“Кейін сол жазда тағы бір лагерьде оқушының зорланғанын естіп жағамды ұстадым. Естуімше оның да ісін жауып тастапты.

Бұл жағдай ұлымның психологиясына қатты тиді. Бұрын оқуда озат болатын. Қазір үздіктер қатарынан түсіп қалды. Психологпен жұмыс істедік. Қазір өзім онымен көбірек сөйлесуге тырысамын. Маған да оңай болмады”, – деп қосты ата-ана.

Stan.kz тілшісіне Ақмола облысының полиция департаменті "Кемел" әскери-спорт лагерінде болған жағдайға байланысты Бурабай ауданының полиция бөлімі 121-баптың 4-бөлігі “сексуалдық сипаттағы іс-әрекет жасау” фактісі бойынша тергеу жүргізгенін хабарлады. 

“Қылмыстық іс бойынша тергеу органы барлық объектілердің толықтығы мен қажеттілігін ескере отырып, барлық қажетті тергеу әрекеттерін жасады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кәмелеттік жасқа толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекет жасағаны туралы куәгерлердің құжаттары алынбаған. Осыған байланысты, 2022 жылдың 22.10 күні қылмыстық іс бойынша ҚР ҚІЖК 2-тармағының 35-бабы 1-бөлігі негізінде (қылмыс құрамының болмауына байланысты) тоқтату туралы шешім қабылданды”, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Ведомство мәліметінше, қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігін Бурабай ауданының прокуратурасы да тексеріп, зерттеу нәтижелері бойынша қылмыстық істі тоқтату шешімін бекіткен.

“Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен (2022 ж.19.12) тергеу органының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешімі заңды және негізделген деп танылды”, – делінген хабарламада. 

Талқылау