"Спортпен айналыспасам, ауырып қаламын": 62 жастағы қазақстандық қартаймаудың құпиясымен бөлісті
Өскемен қаласының тұрғыны Орынбек Шәріп – спортты жанына серік еткендердің бірі. Салауатты өмір салтынан қол үзбей, қарттық кезеңді белсенді өткізіп жүрген кейіпкеріміз Stan.kz тілшісіне ауру-сырқаудан аман болып, жас көрінудің құпиясымен бөлісті. Сондай-ақ дәрігер ревматолог Салтанат Советбекқызы ағзаның қарттыққа қалай дайындалатынын және қандай өзгерістер болатынын айтып берді.
Қарттық келсе, ағзадан әл кетіп, өне бойдан қуат таяды. Дегенмен қай жаста да салауатты өмір салтын ұстанып, сымбатты мүсінді сақтауға болады. Бұл сөзімізге әдемі қартаюдың құпиясымен бөліскен үш кейіпкеріміз дәлел.
Орынбек Шәріп – 64 жастағы зейнеткер. Алайда ол басқа замандастарынан байқала бермейтін сергектігі және белсенділігімен ерекшеленеді. Зейнет жасын салауатты өмір салтына арнаған кейіпкер деннің саулығы мен жас көрінудің құпиясы дұрыс тамақтануда дейді. Сондай-ақ күн тәртібін жемісті өткізу де денсаулыққа айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
“Қазір салауатты өмір салтын насихаттайтын компанияда жұмыс істеймін. Арнайы спорт кешендеріне барып жаттығу жасап, спортпен шұғылданбаймын. Белтемір, батпантас, гір, гимнастикалық ролик, секіргіш секілді спорт құралдарын сатып алып, үй жағдайында түрлі жаттығу жасаймын.
“Сағат 06:00-де тұра сала күнімді Аллаға шүкіршілік айтып, дұға жасаудан бастаймын. Кейін бір стақан жыл су ішіп, 10-15 минут уақытымды таңғы жаттығуға бөлемін. Таңғы асқа ботқа, жұмыртқа жемеймін. Орнына құрамында 20 грамм клеткалық тағам жеймін және осы жылдан бастап протеин қосылған, ақуызға мол, қант қосылмаған батончик жеуді әдетке айналдырдым. Желіге видеолар жариялап, оқырманнан келген сұрақтарға жауап беремін. Сағат 10:00 шамасында 1-1,5 сағат уақытымды бөліп, Tik Tok желісінде тікелей эфирге шығып, салауатты өмір салтын насихаттаймын. Ал түскі асқа келетін болсақ, ешқандай шектеу жоқ. Барлық тағам түрін жеймін. Алайда Құранда асқазанның үштен бірі тамақ, үштен бірі су және үштен бірі ауа болуы керектігі жазылған. Мен де осы қағиданы ұстанамын”, – дейді Орынбек.
Айтуынша, қыста коньки, шаңғы теуіп, жаз мезгілінде суға шомылып уақыт өткізеді. Волейбол, футбол, теннис секілді спорттық ойындарға уақыт табады.
“Сағат 18:30-да кешкі асқа отырамыз. Күн сайын түрлі көкөністен жасалған салат жеуге тырысамын. Ет қосылмаған, жеңіл, саңырауқұлақтан, асқабақтан дайындалған салаттар жеймін. Күнделікті рационда кеспесіз көже, балық сорпасы болуын қадағалаймын. Ашытқы қосылмаған нанмен аз ғана сары май жеймін. Кешкі астан кейін міндетті түрде 30-40 минут таза ауада жаяу серуендеймін. Сағат 22:00-де ұйқыға жатып, оятқышсыз таңғы сағат 06:00-де тұрамын. 6-6,5 сағат ұйықтасам да, ұйқым қанық, өзімді әркез сергек сезінемін. Спортқа күнделікті 20-30 минут уақыт бөлемін”, – дейді кейіпкер.
Кейіпкеріміз 5 тағам түрі мен сусыннан үзілді-кесілді бас тартқан:
- Қант;
- Ашытқы қосылған нан;
- Шұжық өнімдері;
- Шай;
- Газдалған сусындар.
Орынбек Шәріптің айтуынша, оның спортқа келуіне оқыс жағдай себеп болған.
“Таңғы жаттығуды 60 жасымнан бастап әдетке айналдырдым. Оған дейін шынтағым екі жерден сынып, 8 ай қолым аузыма жетпей жүрді. Таңғы жаттығуды бастап, спортқа бет бұруыма бірден-бір себеп осы болды”, –дейді ол.
Кейіпкеріміздің өмірлік құндылығы – салауатты өмір салты. Бар ойы – ұрпағына үлгі болып, ата-бабаның ежелден келе жатқан дәстүрін насихаттау.
“Жас көрінудің құпиясы – дұрыс тамақтануда. “Ас адамның арқауы” деп текке айтпаған. Содан соң денің сау болып, жас көріну үшін мейлінше ерте жастан спортқа көңіл бөліп, жаттығу жасауды әдетке айналдырған абзал”, – дейді кейіпкер.
Ол спортта ғана емес, Tik Tok, instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерде де белсенді. Айтуынша, барлық желідегі парақшасын өзі жүргізеді. Бес жылда жаңа телефонды қолдануды, әлеуметтік желіні жүргізуді үйренген. Телефонды тек жұмыс құралы ретінде ғана қолданатынын айтады. Сондай-ақ түрлі жарыстар мен марафондарға қатысудан бас тартпайтын көрінеді.
- "Мәңгілік жастық және ақша": 45 жастағы америкалық миллиардер жасару құпиясымен бөлісті
- Дәрігер ешқандай отасыз және инъекциясыз сұлулықты сақтаудың 8 әдісімен бөлісті
- "5 қағиданы ұстандым": 100 жастағы дәрігер ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті
“Мен жас кезімнен шылым шекпеймін. Жүрген жерімде де құрбы-құрдастарыма шылымның зиян екенін айтып жүретінмін. Қазір замандастарымның бәрі зейнеткер. Байқасам, көбінде артық салмақ бар, жиі ауырып қалатындары көп. Айтарым, зейнетке шықтым екен деп диванда жатып, теледидар көргенше, көбірек жүріңіздер. Келер ұрпаққа үлгі болыңыздар. Бала-шағама бейнет көрсетпей, жақсы қартайғым келеді. “Жас кезде бәрі жақсы өмір сүре алады, ал қартайғанда тек лайықты адамдар ғана жақсы өмір сүреді” деген жақсы сөз бар екен. Мен сол лайықты жандардың қатарынан болғым келеді”, – дейді Орынбек Шәріп.
Спортты жанына серік еткен кейіпкеріміз жас қалпыңда қалу үшін дұрыс тамақтану керек десе, Жетісу облысының тумасы Кенжебек Жазылбеков керісінше, өзіңді еш нәрседен шектемей-ақ сау әрі жас көрінуге болатынын айтады.
Кенжебек Жазылбеков 4-сыныптан бастап спортпен шұғылданып, күреске қатысып, салауатты өмір салтынан қол үзген емес.
“Күрестен бөлек, бокспен, каратэмен айналыстым. Биыл 63 жасқа толамын. Қазіргі қарқыным жас кезімдегідей емес, күшейген. Жас келе қартаюдың орнына, жасарып бара жатқандаймын. Қарттықты тежеп, жас көрінудің құпиясы, біріншіден, спорт, қимыл-қозғалыс. Мен ес білгелі спортты тоқтатып көрген емеспін, тоқтатпаймын да. Екіншіден, тамақтану және қажетті дәрумендер қабылдау. Спортты тоқтатып, қимылдамай қойсам, қан қысымым көтеріліп, ауырып қаламын”, – дейді кейіпкер.
Бірде қызық оқиға болды. Қан қысымым көтеріліп, түспей қойды. Медицина қызметкерлері келіп ине салып, дәрі екті. Бірақ еш көмегі болған жоқ. Содан әйелімнен жаттығатын құралымды әкеліп беруін сұрадым. Дәрігерлер маған “қан қысымыңыз 200-ден асып тұр, сізге болмайды” деп шу ете қалды. Бірақ мен болмай он рет жаттығу жасап, қара терге түстім. Содан кейін қан қысымым түсіп, бірден қалпына келді. Сөйтсем, денеге, ағзаға қимыл-қозғалыс керек болған екен.
Кенжебек Жазылбеков жас жігіттердің өзімен күш сынасуға келетінін де айтып қалды. Алайда бірде-біреуі оны басып озып, ұтқан емес.
“Ол жігіттердің болашағы алда. Біздің спорт балалық шақтан басталған. Сайдан шелектеп су тасып жүріп өстік. Одан дене шымыр болмай қайтсін?! Көп адамдар менің 62 жаста екеніме сенбейді. Сақалды жабыстырып алған деп ойлайтындар да бар. Ел ішінде мені танып жатады”, – дейді ол.
Кенжебек Жазылбековтың айтуынша, ем-шипаны алыстан іздеп қажет емес. Қойдың құйрық майы, қазақтың қымызы мен еті барлық дертке дауа.
“Мен қымызды көп ішемін. “Құйрық майды жеуге болмайды” деген бос әңгіме. Нағыз дәрумен құйрық майда. Қой қарақұрт жейді. Қарақұрттың уы қойдың денесіне жайылып, майына да тарайды. Соның есебінен құйрық май шипалы болады. Әлемді шулатқан коронавирус мені айналып өтті. Десе де, құнарлы тамақ жеген соң міндетті түрде қимыл-қозғалыс керек. Дәрігерлер біздің жасымыздағы адамдарға жүгіруге болмайды деп жатады. Бірақ мен көбіне жүгіруді жақсы көремін. Жүгіргенде менің қан айналымым жақсарады. Спортқа күніне 4 сағат уақыт бөлемін. 2 сағат таңғы жаттығу жасаймын, дәл солай кешкі жаттығуға да уақыт бөлемін”, – дейді кейіпкер.
Кенжебек Жазылбеков үшін әдемі қартаю деген – денені жақсы қалыпта ұстау. Адамдар жасты сылтау етпей, әркез өздеріне күтініп қарау керек деп санайды.
Кенжебек Жазылбековтің балалары мен немерелері де өмірін спортпен байланыстырған. Бүгінде бір баласы спорт саласында шәкірт тәрбиелесе, енді бірі халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүр.
Алматы қаласының тұрғыны Гүлжанат Мылтықбаева өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, әйелдің өзіне көңіл бөліп, күтім жасауы қаншалықты маңызды екенін айтты. Әйел қандай жағдай болмасын, өзінің нәзік жаратылыс екенін ұмытпай, сұлулыққа да, денсаулыққа да уақыт тапқаны дұрыс дейді.
“Кейде қолымды бір сілтеп кеткім келген сәттер де болды. Бірақ “Жұрт маған аянышпен қарағанша, қызыға қарасын” деген қағиданы ұстанып, өзімді қолға алдым. Қыздарыма үлгі болып, оларға сұлу, дені сау, бақытты әрі оларды қамтамасыз ете алатын ана керегін түсіндім. Өзіңе күтім жасауға және денсаулыққа уақыт табуға болады. Мысалы, мен балаларымнан 1 сағат бұрын ерте тұрып, сол уақытымды тек өзіме арнаймын. Теледидарға қарап йогамен, пилатеспен айналысамын, бет күтімін жасап, тыныштықта отырып кофе ішемін. Мен ешқашан өзімнің өмірімді өзгенің өмірімен салыстырған емеспін. Тек өткеніме көз жүгіртіп, бұрынғы мен қазіргі өзімді салыстырамын”, – дейді Гүлжанат Мылтықбаева.
50 жасында кейіпкеріміз жайлы өмірінен бас тартып, жұмыс бабымен Алматы қаласына көшіп келеді. Ол жаңа өмір бастар алдында болашағына алаңдап, бойын үрей билегенін де жасырмады.
“Ол кезде қыздарым шетелде оқитын еді. Маған Алматы қаласынан қызметіме байланысты ұсыныс түсті. Туған қаламнан кетіп, жаңа қалаға үйренісу оңай болмады. Сол кезде менің өмірімді өзімнен басқа ешкім жақсы жаққа өзгерте алмайтынын түсіндім. Жалғыз өмір сүріп, театрға, киноға баруды, тауға шығуды үйрендім. Кез келген уақытта мейрамханаға кіріп, дәмді тамақтанып, өзімді еркелетіп тұратын болдым. Жаңа таныстықтар, жаңа орта. Кейін әлеуметтік желіге тіркеліп, парақшамды күнделік жазғандай белсенді жүргізе бастадым”, – дейді кейіпкер.
Оятқышсыз сағат 05:30-да ұйқыдан тұрып дағдыланған Гүлжанат ханымның денсаулығына еш шағымы жоқ. Ол аптасына 3 рет жаттығу залына барып, қалған күндері жаяу жүріп, серуендейді. Уақытының көп бөлігін қыздарына, жақындарына, достарына және білім алуға жұмсайтын көрінеді.
“Жасыммен алыспаймын, тек денсаулығымды да, сырт келбетімді күтіп ұстауға тырысамын. Демалу үшін моншаға барамын, спортпен айналысамын, одан қалды дұрыс тамақтануға тырысамын. Косметологияға келетін болсақ, егер жас көрінгіңіз келсе әрі оған мүмкіндігіңіз болса, неге заманауи әдістер мен технологияларды пайдаланбасқа?! Косметолог маманға барып, сұлулығымды сақтау үшін емдік инелер салдырамын, массаж жасатып, бет терісін тазалатамын. Пластикалық хирургияның көмегіне жүгініп көрмеппін, бірақ оған еш қарсылығым жоқ, болашақта өзім де жасатармын”, – дейді Гүлжанат Мылтықбаева.
Кейіпкеріміз өзін 4-5 сағат уақытын айнаның алдында өткізетін адамдардың қатарына жатқызбайды. Ол үшін күтім жеке бас тазалығынан басталады. Көбіне бет терісін ылғалдандыратын сығынды және теріні күн сәулесінен қорғайтын крем қолданады. Күнделікті боянып жүргенді құп көрмейтінін айтады.
“Жас кезімде жиі диета ұстайтынмын. Бірақ оның еш әсері болмады, тіпті керісінше, денсаулығымды құртып алдым. Тамаққа байланысты айтарлықтай шектеу жоқ. Соңғы жылдары наннан, қанттан бас тарттым. Тәттіқұмар болғандықтан, қант қосылған өнімдермен түбегейлі қоштастым деп айта алмаймын. Алайда одан кейін міндетті түрде көп жаяу жүруге тырысамын. Сүт өнімдерінен тек ірімшік ғана жеймін.
Біздің жұмыста қимыл-қозғалыс өте аз. Ұзақ уақыт бір орында отырып жұмыс істейміз. Сол себепті мен бұрыннан спортпен айналысамын. Жаттығу залына барып, жаттықтырушымен жұмыс істеймін, 40-60 минут жылдам жүріп, серуендеймін. Осы уақытқа дейін 4 келі тастадым. Мүсінім өзіме ұнай бастады, денедегі ісік кетіп, сергек жүремін. Бәріне таза ауада серуендеп, уақыт өкізуге кеңес беремін. Алматыға көшіп келгелі айына бір рет тауға шығып тұруды әдетке айналдырыдым. Бұл ерекше күш береді”, – деп кеңес береді Гүлжанат.
Оның айтуынша, денің сау болса, өзіңе оптимизм, махаббат пен әзіл-қалжыңды серік етсең және білімге құштар болсаң жас қалпыңды сақтап, жақсы өмір сүруге болады.
“Біздің елде адамдар 55 жастан кейін зейнетке шығатын күндерін санайды. Зейнетке шықсам, бақытты боламын деп ойласа керек. Сөйтіп бүгінмен емес, болашақтан үміт күтіп өмір сүреді. Көптеген әйелдер балаларын өсіріп-жеткіздім дегенде, немерелерін бағуға кірісіп кетеді. Кейін өмір көрмедім, қартайып кеттім деп шағымданып жатады. Немерелерді еркелетіп, ойнатқан дұрыс, бірақ олар үшін түгелдей жауапкершілік алудың қажеті жоқ. Олардың өз ата-анасы бар. Балаларды өз бетінше өмір сүруге үйрету керек. Бүгінде әке-шешесінің қолына қарап отырған 30 жастағы қыз-жігіттер де жоқ емес. Онымен қоймай, қарт әке-шешесіне немере бақтырады. Менің бұл пікіріммен келіспейтіндер де табылады. Түсінемін, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ кейін “өзім үшін өмір сүре алмадым” деп өкінуіңіз ғажап емес. Өзін жақсы көріп, құрметтеген адам өзгелерге де сыйлы болады”, – дейді кейіпкер.
Гүлжанат ханым уақытын бос өткізбейді. Босай қалса киім тоқып, тағам әзірлеп, түрлі онлайн курстарға қатысады, достарымен бірге табиғатқа шыққанды ұнатады. Оның айтуынша, он екі мүшесі сау адамның қалаған нәрсемен айналысуға мүмкіндігі бар.
Осы тұста ревматолог дәрігер Салтанат Советбекқызы жасы келген жандарға қандай жаттығудардың пайдалы екенін және қандай жаттығу түрлерін жасауға болмайтынын айтты.
“Жасы келген әйелдерде постменопауза кезінде азғасында гормоналды теңгерімсіздік болады. Сол дисбаланстың әсерінен бұлшықеттер ауырсынып, тартылады, бойында әлсіздік және ауа райына сезімталдық пайда болады. Сондай-ақ ағзада зат алмасу процесі төмендейді. Осылайша адам ағзасы қарттыққа дайындалады. Қарттықты тежеп, әр кезде жас көріну үшін біріншіден, дұрыс тамақтануды қолға алу керек. Екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанып, бұлшықеттерді созу үшін гимнастикамен айналысып, кардио жаттығулар жасаған дұрыс. Үшіншіден, ағзаға қажетті дәрумендерді, микро-, макроэлементтерді қабылдау керек. Ұйқының қанық болуы да өте маңызды”, – дейді ревматолог маман.
Қарт адамдар үшін таза ауада жиі серуендеген пайдалы. Одан бөлек, бұлшықеттер мен сіңірлерді созып, қан айналымын жақсарту үшін арнайы жаттығулар жасаған абзал. Сондай-ақ Салтанат ханым үлкен кісілерге жасауға болмайтын жаттығу түрлеріне де тоқталды.
“Ағзаға, денеге қатты жүк түсіретін жаттығулар жасауға болмайды. Атап айтқанда, секіру, жүгірумен қатар келетін және компрессиялық жаттығулар жасы келген адамдар үшін тым ауыр. Белсенді спорт үлкен кісілер үшін зиян. Себебі адам қартайған сайын сүйектері борпылдақ, сынғыш болып келеді. Сондықтан жасы үлкен кісілерге фитнеспен айналысуға және ағзаға күш түсіретін жаттығулар жасауға кеңес бермейміз”, – дейді Салтанат Советбекқызы.
Спортпен айналысудың ешқашан кеш емес екенін дәлелдеген кейіпкерлер шектеу тек адамдардың миында екенін айтады. Тек өзіңе деген сенім мен ерік-жігерді жоғалтпасаңыз болғаны.
Бұған дейін диетолог қартаюды тежейтін өнімдердің тізімін жариялаған болатын.