“Қаңтар оқиғасы” қайталануы ғажап емес": Астролог 2024 жылы әлемде және елімізде қандай өзгерістер болатынын айтты
Қазақстандықтардың 2024 жылдан күтері көп. Елімізде қандай саяси өзгерістер болмақ? Әлемде болып жатқан әскери қақтығыстар қашан аяқталады? Stan.kz тілшісі астролог, нумеролог, психотерапевт Ерлан Мұқашев пен экономика ғылымдарының кандидаты, астролог-сталкер Жанар Сәбденмен сұхбаттасты. Жұлдызнамашылар 2024 жылға болжам жасап, білгенімен бөлісті.
Фото: pixabay.com
“Қазақстандықтар үшін 2024 жыл оңай болмайды” деп бірден болжам жасады астролог Ерлан Мұқашев. Маманның айтуынша, жыл көтерілістер мен шерулерге, халық наразылығына толы болмақ.
“Қаңтар оқиғасы” қайталануы мүмкін
“Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары арасында тартыс болады. Олардың қарамағындағы адамдар халықты арандатушылыққа шақырып, ақпарат кеңістігін дүрліктіреді. Сондай-ақ ел арасында көтерілістер мен шерулер болады. “Қаңтар оқиғасы” да қайталануы ғажап емес. Бір жыл бойы халық наразылық білдіріп, көтеріліс жасап, шеруге шығады. Алайда дәл сондай ауқымды көтеріліс болмайтын шығар. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жылға болжамы жақсы. Ол кез келген жағдайды өз бақылауына ала алады”, – дейді Ерлан Мұқашев.
Астролог сондай кезеңде әлеуметтік желіде, телеарналар арқылы қарапайым халықты арандатуға шақыратындар көп болатынын ескертті. Көпшілікті “Қаңтар оқиғасы” кезіндегідей арандап қалмауға шақырды. Келер жылы қарапайым халық шеруге шығып, әлденені дәлелдеуге тырыспау керек деп санайды. Өйткені олардың көтеріліс, шеру кезінде құрбан болып кетуі мүмкін екенін ескертті.
Тоқаев пен Назарбаев арасындағы “тартыс” жалғасын табады
Сөзінше, 2024 жылдың ақпан айынан бастап мемлекет басшысы үшін жақсы кезең басталады.
Тоқаевтың ұсынған көпвекторлы саясаты біз үшін жақсы нәтиже бермек. Президент сыртқы саясатты өте жақсы жақсы жүргізеді. Бірақ ел ішінде дағдарыс басталады. Өйткені айтып өткеніміздей, биліктегі адамдардың арасында қақтығыс болады. Осы тұста бірінші президентте керісінше дағдарыс болады. Оның бітпеген шаруалары болуы мүмкін, яғни ол биліктен толықтай кеткен жоқ. Өзі болмаса да, отбасы, жақындары биліктегі өз үлесін сақтап қалу үшін әрекет етуі мүмкін. Келер жылы лауазымды тұлғалар қамауға алынады.
Бірінші және қазіргі президенттің арасындағы тартыс ел экономикасына, әлеуметтік бағдарламаларға кері әсер етіп, жылу электр орталықтарының жұмысы істен шығып, өрт болуы ғажап емес. Қысқасы, келер жыл оңай болмайын деп тұр. Бірақ тартыстың соңы Тоқаевтың жеңісімен аяқталады”, – деп болжам жасады Ерлан Мұқашев.
Қазақстанды Тоқаевтан соң кім басқарады?
“Президенттікке қазір билік басындағыларға бағынышты адам келеді. Олар өз арасынан ешкім танымайтын, “былығы” жоқ адамды президент қылмақ”, – дейді ол.
Астролог Ерлан Мұқашевтің айтуынша, келер жылы Қазақстанға сырттан еш қауіп төнбейді. Оның сөзіне сенсек, Қытай, Ресей сынды алып мемлекеттер өз мәселелерімен әлек болады.
“Қытай Тайваньмен арадағы мәселені реттейді, тіпті әскери қақтығыстар болуы мүмкін. Аспан асты елі Ресей мен Араб мемлекеттерінің қолдауына сеніп, Тайваньді басып алмақ ойда. Ресей де Украинамен соғысып жатқандықтан Қазақстанға қауіп тудыратындай жағдайда емес.
Еуропаға қоныс аударғалы жатқан жандарға бұл ойдан бас тартыңыздар деп айтар едім. АҚШ-та, Ресейде өте қиын кезең басталмақ. Әрине, Қазақстанда да тұрақсыздық бар. Бірақ ол жақпен салыстырғанда елімізде әлдеқайда тыныш болады. Теңізге шыға алатын және экономикалық белсенді аудандары бар елдерде тәртіпсіздікдер, көтерілістер мен босқындар мәселесесі, сондай-ақ қылмыстар көп болады. Сол себепті ұзақ уақытқа Еуропада қалуға, қоныс аударуға кеңес бермес едім”, – дейді астролог.
Теңге құлдырай ма?
“Біздің экономикамыз Ресейге, АҚШ-қа және бүкіл әлемнің экономикасына тәуелді. Қазіргі таңда көп мемлекет санкция қолданғанына қарамастан Ресейдің экономкасы тұрақты. Бұл тұрақтылықты Ресей келесі жылға дейін ұстап тұрады. Ал АҚШ экономикасы дағдарысқа ұшырайды. Доллар тұрақсыз болады. Қазақстандық теңге рубльге де, долларға да тәуелді. Сол себепті ақшаны алтынға айырбастап сақтауға немесе жылжымайтын мүлік алып қоюға кеңес беремін”, – деп болжам жасады Ерлан Мұқашев.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс қашан аяқталады?
Астролог маман Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жақын арада аяқталмайтынын айтты.
“Украинада соғыстан бөлек іштей тоқырау болады. Келер жылы ел ішінде билікке талас болуы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленскийден де дағдарысты байқап отырмын. Осыдан екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Украина мемелекетін одан да қиын күндер күтіп тұр. Алайда Батыстан келген көмектің арқасында Украина Ресей әскерлеріне төтеп беріп, шекара қорғайды. Ал Ресейдің экономикасы тұрақты болғандықтан олар соғысты тоқтатпайды. Сондықтан келер жылы соғыс аяқталады деп айта алмаймын”, – Ерлан Мұқашев.
Экономика ғылымдарының кандидаты, нумеролог, астролог-сталкер Жанар Сәбден келер жылға астрологиялық болжам жасап, айдаһар жылын қалай өткізу керегін айтып берді. Оның айтуынша, айдаһар көркеюдің, сәттілік пен дамудың белгісі.
2024 жыл астрология бойынша Сатурн планетасымен сәйкес келіп тұр, кібісе жыл (төрт жыл сайын бір айналып келетін, басқа жылдарда 365 күн болса, бұнда 366 күн бар жыл-авт.) саналады. Қытай жұлдызнамасына сәйкес айдаһар жылында үлкендерге ерекше құрмет көрсету керек. Бұл біздің менталитетімізде де бар дүние. Адам отбасыға көңіл бөліп, ата-анасымен, бауырларымен қарым-қатынасын жақсартса, жұмысы да жақсы жүріп, табысқа кенеледі. Сондай-ақ үлкен кәсіппен, ауқымды жобалармен айналысатын адамдар қайырымдылық жасауды естен шығармаған жөн. Келер жыл алдына айқын мақсат қоятын адамдар үшін табысты болмақ.
Айдаһар ақшаның энергиясын тартады
2024 жылға 8 саны түсіп тұр. Яғни еліміз үшін тиімді серіктестік, саясат, экономика, аналитика жағынан сәтті жыл болмақ. Келер жылы медицина қызметкерлеріне табыс пен сәттілік әкеледі. Сондай-ақ айдаһар ақша энергиясын тартады. Барынша жоспар құрып, мүмкіндіктерді кеңейтуге тырысқан жөн.
Келер жылы табысты болғыңыз келсе мына кеңестерді ескеріңіз:
- Отбасыңызға көңіл бөліңіз;
- Жақсы амалдар жасаңыз;
- Ұқыпты болыңыз;
- Үлкендерге құрмет көрсетіңіз;
- Рухани және шығармашылық жағыңызды дамытыңыз;
Аталған дүниелерге мән беріп, құлақ аспаған жағдайда ішімдік секілді зиянды әдеттерге тәуелділік пайда болып, менмендік, тәкаппарлыққа беріліп, нәпсінің соңынан еріп, керісінше, өзіңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін.
Айдаһар жылы өткен өмір мен болашақ тоғысатын шақ болғандықтан кармалық жыл деп саналады. Адамның осыған дейін қандай өмір сүргені болашағына тікелей әсер етеді. Жақсылық жасап, қайырымдылықпен айналысса келер жыл сәтті болмақ. Керісінше, өзін жақсы жағынан көрсете алмаса, болашағының жарқын болуы екі талай. Мысалы, 2024 жылы бұрынғы үзілген қарым-қатынас қайта жандануы мүмкін. Осыған дейін өмірде жіберген қателіктеріңіз, жұмысыңыз немесе махаббатыңыз қайта оралады.
2024 жылы жасыл, алтын, күміс түстес, сұр, ақ және қызыл түстер сәнде болмақ. Ақшаға байланысты жасыл, алтын түстер мен жылтыр дүниелер сәттілік әкелмек.
Жанар Сәбденнің айтуынша, айдаһар жылы жаңа ғасырдың басталуымен, түрлі жаңа мамандықтардың пайда болуымен тарихта қалған.