Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өртенген хостелдің басшысы ұсталды

Алматыда өртенген хостелдің басшысы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратура Алматыдағы хостелдегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғады. 30 қарашада өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Бас прокурордың тапсырмасы бойынша қылмыстық іс арнайы прокурордың қарауына алынды.Тәжірибелі құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды", – делінген бас прокуратураның хабарламасында.

Өрттің себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында оқиға орнына алғашқы тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, басқа да тергеу-жедел іс-шаралар жүргізілгені атап өтілді.

"Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен прокурорлар хостелді жалға алушы А.Мұхамедьяровты ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.Тергеу шаралары аясында жатақхана жұмысына қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеті анықталатын болады", – деп хабарлады бас прокуратура.

Қылмыстық іс бас прокурордың бақылауында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді. 

Талқылау