Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала туу қарқыны қандай – Сарапшылар еліміздің демографиясына болжам жасады

Мамандар қазақ отбасыларында балалы болу қалыпты үрдіске айналғанын айтады. Тіпті 40-тан асып, бала босанатындар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

нәресте

Солтүстік Қазақстан перинаталдық орталығының босану бөлімінде бос орын жоқ дейді тұрғындар. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын-соңды мұндай қарқын болмаған.

“Үшінші ұлды дүниеге әкелдім. Күйеуім екеуміз көп балалы болуды шештік, бала ешқашан көптік етпейді. Бұл керісінше, жақсы, өмірде бір-біріне көмектесіп жүреді. Келесіде міндетті түрде тағы келемін, қызды болуым керек”, – дейді Нәзигүл Нұрмұқанова.

Қазір жасы 40-тан асқандар да ондаған жылдардан кейін перзентханаларға қайта оралуда. Өмірлік тәжірибесі бар ата-аналарға заманауи медициналық технологиялар қолдау көрсетуде.

“Мен тағы бір қыз туғым келген, бірақ ұл таптым, Құдай маған ұл берді. Үйіміз шаттыққа толып, балалардың күлкісіне толы болса екенг деймін. Бес жылдан кейін қыз босану үшін келсем екен деген ой бар”, – деді Диана Богатырева.

Ал дәрігер 40-50-жаста босану қалыпты үрдіске айналып отырғанын айтады.

“Қазір жаңа “тренд” шыққан. Бізге келетін жүкті әйелдердің үштен бірінің жасы 40-тан асқандар. Жақында бір әйел болды, 51-де, балалары 20 жастан асыпты. Күйеуі екеуі төртінші баланы дүниеге әкелуге бел буған. Жасанды ұрықтандырудың көмегімен бәрі жақсы өтті. 51 жасында 51-52 жастарынада олар қайтадан ата-ана атанды”, – деді Солтүстік Қазақстан облысы перинаталдық орталығының босанғаннан кейінгі бөлімшесі басшысы Сәуле Мұстафина.

Алайда әлі де оңтүстік өңірлер бала туу бойынша көш бастап тұр. Солтүстік Қазақстанда бір жылда туатын бала саны Түркістан облысында бір айда туады екен. Яғни СҚО-да бір жылда, ал Түркістан облысында бір айда 6 мың нәресте дүниеге келеді. 

БҰҰ 2050 жылы Қазақстан халқының саны 25 миллион болады деп болжаған. Біздің халық жас саналады, орташа жасы 30-дан сәл асқандықтан, елде бұл өсім жалғаспақ. Бірақ демографтардың болжамдары көңіл көншітерлік емес. Сарапшылар жастардың құндылықтары басқа болғандықтан, бала туу қарқыны бәсеңдейтініне сенімді.

“Бұл тенденциялар осылай сақталады деп айта алмаймын. Қазір 80-жылдардағылар ұрпақ көбейтіп жатыр. Ал 90-жылдағылардың саны аз. Сондай-ақ олар мансап, білім, өзін-өзі дамыту дегенге көп басымдық береді”, – деп мәлімдеді демограф Аяулым Сағынбаева.

Қазіргі таңда Қазақстанда күніне 750 сәби дүниеге келеді. Алайда карантиннен кейінгі 2021 жылдағы бала туу саны рекорды әлі жаңартылмады. 2021 жылы жарты миллионға жуық бала дүниеге келген.

Талқылау