Ресейде әскерге шақыртылған азаматтарға шетелге шығуға тыйым салынды
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы "Әскери міндет және әскери қызмет туралы" заңға өзгерістер енгізді. Енді әскерге шақыртылған ресейліктер комиссариатқа өз бетінше бармаса, шетелге шығуға, көлік жүргізуге, несие алуға тыйым салынады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz басылымына сілтеме жасап.
Қабылданған түзетулер бойынша шақыру қағаздарын жіберудің жаңа әдісі енгізілді. Мұнда шақырту арнайы хатпен және электронды форматта - жеке кабинет арқылы немесе Мемлекеттік қызметтер порталы арқылы келеді.
Одан бөлек азаматтардың жеке деректері, тұрғылықты жері мен мамандығы көрсетіле отырып, әскери міндеттілердің бірыңғай тізілімі жасалады. Есепке алуды жүргізу үшін қажетті ақпаратты Федералдық салық қызметі, Ішкі істер министрлігі, Орталық сайлау комиссиясы, Білім министрлігі, соттар, медициналық ұйымдар және әлеуметтік қор электронды түрде беретін болады.
Ал әскерге шақыртудан жалтарғандар үшін бірқатар "уақытша" шаралар қарастырылған. Шақыру қағазын алмай, байланысқа шықпаған азамат әскерге қызмет етуден жалтарған деп танылады. Келесі шақыру кезінде ол екі апта ішінде әскери комиссариатқа өз бетінше келуге міндетті.
Егер азамат мұны жасамаса, онда оның шетелге шығуына шектеу қойылады және оған көлік құралын жүргізу, жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасау, несие алу және т.б. мүмкіндіктерінен айырылады. Ресейден шығуға тыйым салынады. Мұндай шектеу әскери комиссариатқа шақыру бойынша барғанынша күшінде болады.