Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Патриотизм бұл - отанға деген махаббат": Танымал кардиохирург шетелдік ұсыныстардан бас тартып, елі үшін қызмет істеп жүр

Гүлжан Сарсенбаева – педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының кардиохирургі. Ең алғашқы қызмет жолын 1992 жылы Талғар орталық аудандық ауруханасында ота-медбикесі ретінде бастаған. 2005 жылы "Болашақ" бағдарламасы аясында Мәскеу қаласында "балалар кардиохирургиясы" мамандығы бойынша аспирантураны бітірген. Қаншама сәбидің өмірін құтқарып қалған маман шетелде жұмыс істеуге ұсыныс түскеніне қарамастан не себепті елдінде қызмет етуді жөн санағанын айтып берді. 

“Жеткілікті білімім болмаған соң медициналық көмек көрсету қиынға түсті”

Дәрігер ғылыми орталықта оқымас бұрын жаңа туған сәбилердің туа біткен жүрек ақаулары мәселесімен айналысқанын айтады. Алайда жеткілікті білімі болмаған соң медициналық көмек көрсету қиынға түскен. 

“Ол кезде педиатрия ғылыми орталығында жаңа туған сәбилер хирургиясы бөлімінде жұмыс істеген едім. Бізге жүрек ақауы бар балалар келіп түсіп жататын. Өкінішке қарай сол уақытта Қазақстанда жүрегінде мәселесі бар жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету қиынға соғатын еді. Сондықтан халықаралық бағдарлама аясында мен Бакулев атындағы хирургия ғылыми орталығына аспирантураға түсіп, 2005 жыл мен 2008 жылдар аралығында орталықта оқыдым”, – дейді ол. 

Ол оқыған орталықта жыл сайын 10 000-нан астам ота жасалған. Осылайша Гүлжан Сәрсенбаева мамандықты оқу кезінде бір жасқа дейінгі балалардың жүрегіне операция жасауды меңгеріп, диссертация жазып, медицина ғылымдарының кандидаты болып үлгерген. 

“Бір жасқа дейінгі балаларға кардиохирургиялық көмек көрсетудің барлық қыр-сырын үйреніп, 2012 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін әріптестеріммен бірге балалар хирургиясының бөлімшесін аштық. Жаңа туған нәрестелерге өзіміз ота жасайтын болдық.  Біздің бөлім жұмыс істеп келген 10 жылдың ішінде жүрек қан тамырларына 3 мыңнан аса операция жасалды. Аудандарды аралап 500 мыңнан аса кеңес берілді, сондай-ақ күніне балалар бөлімінде 50-ден астам жеке кеңес айтамыз. Біздің бөлімде жас мамандар – кардиолог, кардиохирург, реанимотолог және анестезиологтар жұмыс істейді. Олардың барлығы біліктіліктерін шетелде арттырған, атап айтар болсақ, Израильде, Түркияда, Кореяда, Украинада және Ресейде оқып, білімдерін жетілдірген. Бізге еліміздің түкпір-түкпірінен жағдайы ауыр балалар жеткізіледі. Біз оларды ауруханамыздағы озық технологияларымызбен тексеріп әрі білікті мамандармен кеңесіп, емдеу жолын анықтаймыз”, – дейді маман. 

“Мен үшін патриотизм бұл - отанға деген махаббат”

Осы тұста маман дәл қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласына  жетіспейтін нәрсе –студенттерді өз мамандығын сүюге баулу деп отыр. Одан бөлек, медициналық негізі бағыттарды түсіну, дәрігерлердің мәртебесін көтеру керек. 

“Мен үшін патриотизм бұл - отанға деген махаббат, одан кейін отбасыға, қалаға, дәл қазір қоршаған адамдарға деген махаббат. Отбасыда патриотизмді дамыту маңызды. Сәби кезінен бастап оған осындай құндылықтарды сіңіру керек. Ел дамуына септігін тигізетін қасиеттерді қалыптастыра берген дұрыс”, – дейді Гүлжан Сәрсенбаева. 

Бұнымен қоса Гүлжжан Сәрсенбаева 2017 жылы мен “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына қатысып, жеңімпаз атанған. 

“Сол кезде Қазақстанда білімді жастар мен таланттар өте көп екеніне көз жеткіздім. Әрине, олар өз еңбектерін, өз қызметінің нәтижелерін жария етпейді. Бұдан бөлек, Қазақстанда шығармашылық және өнер саласында, білім мен медицина және басқа да көптеген салаларда бүкіл әлемде мақтана алатын тұлғалар бар екеніне көзім жетті. Бізде шетелдік жарияланымдары бар ғалымдар, шетелдік ғылым салаларында мойындалған ғалымдар бар. Тіпті, шетелдік жетекші клиникалар жұмыс істейтін мықты дәрігерлер бар. Біз оларды мақтан тұтуымыз керек”. – дейді кардиохирург. 

“Мамандығым мен науқастарыма махаббатым зор”

Оның сөзінше, әр дәрігер күн сайын өз еңбегінің арқасында денсаулық саласының дамуына, Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға үлес қосып жүр. 

“Мен Отанымды шын сүйемін. Өзімді патриотпын деп есептеймін. 2005 жылы   Ресейдің айтулы кардиохирургия орталығында оқуымды аяқтап, “кардиохирург” мамандығын алғанда менің басқа да шетелдік клиникаларда жұмыс істеуге мүмкіндігім болды. Одан бөлек, шетелдік клиникаларда тәжірибеден өткенде сол жақта қалуға немесе басқа шет елге кетуге мүмкіндігім бар еді. Осы уақытқа дейін көп ойлана келе, өзімнің туған елімді жақсы көргендіктен халқыма қызмет еткім келетінін түсіндім. Дәл қазіргі уақытта қазақстандық балаларға барынша көмегімді беруге тырысып жүрмін”, – дейді ол.

Гүлжан Сәрсенбаева балаға ота жасалғаннан кейін немесе үйіне шығарып салып жатқанда, консультация кезінде, баланың денсаулығы жақсара бастағанда, олардың ата-аналарына жақсы нәтижелер туралы хабарлағанда отандастарымның жүзіндегі қуаныш маған шабыт береді дейді. 

“Икигай” деген жапон тілінде сөз бар. Аударғанда "өмір сүрудің мәні" деген мағына береді. Яғни, “икигаи” жағдайында адамның жұмысы өзіне ұнайды, бақытты өмір кешеді. Мен де өз жұмысымды жақсы көремін. Мамандығым мен науқастарыма махаббатым зор. Сол себепті де күнделікті әрекет етуге энергиям мен күшім жетеді деп ойлаймын”, – дейді дәрігер. 

Бұнымен қоса дәрігер Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғанына қарамастан әрқашан бір-біріне түсіністік танытып, қолдау көрсетуге дайын тұратыны өзін жігерлендіретінін сөз етті. 

“Менің әр түрлі елдерде және Қазсақтанда достарым көп. Өз басым қандай халық болмасын, ұлт болмасын бәрін құрметтеймін. Қазақ халқы әрқашан дана халық болды деп санаймын. Тіпті, жаңа туған әйелдер мен балаларға көрсеткен күтім туралы сондай-ақ аяғы ауыр әйелдерге қалай қарағандары туралы деректерді оқи келе медициналық тұрғыдан өте дана әрекеттер жасаған деп айта аламын. Осындай елде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Алдағы уақытта елімнің өсіп-өркендегенін, дамығанын қалаймын. Жақында Алматыда еріктілер лигасының жиналысына барып, қаламызда мейірімді, белсенді жастардың көп екеніне көз жеткіздім. Ерікті болып жүріп, зейнеткерлерге, әлеуметтік көмек қажет тұрғындарға көмектеседі. Қазіргі кезде диванда отырып алып, барлығы жаман деп артқа тартатындардың да саны азайғанын, барлығының еңбек етіп, дамығысы келетінін көріп жүрміз. Әр күні қажырлы еңбектерінің арқасында қаламыздың жандануына өз үлестерін қосып жатыр”, – деп аяқтады сөзін кардиохирург. 

Талқылау