"Ақшамызды қайтарсын": Шымкентте қажылыққа барамыз деген бір топ жұртшылық турфирма өкілдеріне алданған
Шымкентте қажылыққа барамыз деп “Kausar Travel” турфирмасынан жолдама сатып алғандар, сан соғып қалды. Бір апта бұрын сол жақта болуы керек бір топ жұрт қазір турфирма өкілдерін іздеп, ақшаларын қайтаруды талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қажылық жасаймыз деп жүріп қаржылық алаяқтарға тап болған. Олар осыдан бір апта бұрын сол жақта болуы керек болған.
Жарнамасы жер жарған компаниямен көпшілік жарты жыл бұрын келісімшарт жасасқан. Олар осы 12 қаңтар айында қажылыққа Умраға аттануы керек болған. Алданғандар тек Шымкенттен емес өзге қалалардан да бар. Солардың бірі Орал қаласының тұрғыны Кәрім Сүлейменов.
“Ақшамызды қайтарып берсін. Басқа компаниямен барамыз. Ниеттенген соң енді үйімізге қарабет болмай сапарымызды жасап, қажылық етсек деген ниетіміз бар”,- деді Кәрім Сүлейменов.
Ал Шымкент қаласының тұрғыны Қалдықыз Шекербек ұйымдастырушылардың уәде беріп жүргендеріне біраз болғанына ашуын білдірді.
“Желі арқылы сұрасақ, инша алла ұшасыздар деп айтады. Ал енді қайсы ұшқанымыз?”-деді тұрғын.
Бұл турфирманың жарнамасын Айнұр Тұрсынбаева, Жанар Айжанова сынды ел алдында жүрген жұлдыздар жасаған. Ал жұртшылық жолдаманы ең кемі мың доллардан алған. Ал ұйымдастырушылар ұшаққа билет, виза алмаған, тіпті қонақ үйді де жалдамаған.
Алданғандар полиция өкілдерін шақырып, жаппай арызданды.
Еңбекші аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев аталған жайтқа байланысты тергеу басталғанын алға тартты. Сөзінше,17 адамнан арыз түскен екен.
Олар енді ақшаларын екі еселеп қайтаруын талап етуде.